$ 494.87  520.65  4.91

Ермұрат Бапи: Исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында етек жайып барады

Әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірлерінде етек жайып барады.
Фото: видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біздің елде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен храм-шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіттер мен шіркеулер салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді, - деді ол.

Депутат Еуропадағы Құран өртеу акциялары жайлы айтып өтті.

Баршамызға мәлім, Еуропа елдерінде Құран өртеу актісі етек алып бара жатқанына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, таяуда БҰҰ-ның трибунасынан сөз сөйледі. Әлемдік саяси лидерлер арасынан осы Бас Ассамблеяда Құранға араша түскен жалғыз мемлекеттік басшы біздің Президент болды. Бұл – Ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың бірден-бір белгісі деп деп білемін. Дегенмен солай бола тұрса да, мен Қазақстан Премьер-министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сұрау сала отырып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға да құлаққағыс еткім келеді, - деді Бапи.

Оның айтуынша, соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарықшақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады.

Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған бұл жарықшақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мың жылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деган де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс топ жанталасып, бізге жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда. Мысалы, бір ғана соңғы дерек: Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз. Біз мың жылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз. Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек, - деді ол.

Депутат атағандай, бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында, әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірлерінде етек жайып барады.

Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизмге табынушылар басып барады. Яғни, бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, уақытында елге танымал азаматтар, оның ішінде депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуді тырысты. Жақтаушылар іздеп, қолдаушылар тапқандары да бар. Сондай-ақ мемлекеттік биліктің өз ішінде де, уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын лауазымды қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті, - деді ол.

Депутат атағандай, өркениет көшіне ерген біздің ел адам құқығын қадірлейді.

Бұл демократиялық принциптердің басты қағидасы. Бірақ сол құқық біздің ұлттық және мемлекеттік діңімізді шайқалта бастаса, бұған көзжұмбайлықпен қарауға қақымыз жоқ! Ел Конституциясының талабы бойынша, мемлекеттің зайырлы даму болашағын әлдебір күштердің иемденіп кетуіне жол бермеуіміз керек. «Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол «ескі Қазақстан» қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы Жаңа Қазақстанды таптап тастамақ ниетте. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік, - деді ол.

Депутат теріс діни ағымға қарсы қоғамның белсенді өкілдері әр жерден бұрқ еткен уахабшылық дабыраға хал-қадірінше тойтарыс беріп жатыр.

Бірақ біз әрбір локалдық күрестермен төніп келе жатқан теріс діни қатерге қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді, - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары