$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбелік басшылар мен орынбасарлар кезектесіп ауырады - БАҚ

Ақтөбе облысының кейбір мемлекеттік қызметкерлері «жиі ауырады». Басшысы мен орынбасарлары «больничныйды» кезектесіп алады, деп хабарлайды «Тілші» порталы бюджеттік саланың қызметкерлеріне сілтеме жасап.

Олардың айтуларына қарағанда, «денсаулықтары жиі сыр беретін» шенеуніктердің кесірінен жұмыс та жүрмейді екен. «Комиссия келе жатыр дегеннен «больничныйға» кететін адамдар бар, бір емес, екі емес, үнемі солай» дейді аты-жөндерін атамауды сұраған тағы бір мекеме қызметкерлері.

Бір қызығы, шенділердің қандай жиілікпен ауыратынына мемлекеттік қызмет істері агенттігі де, облыстық денсаулық сақтау саласы да мониторинг жүргізбейтін болып шықты.

Реті келгенде, бірқатар мемлекеттік қызметкерлер арасында осы төңірегінде сауалнама жүргіздік.

Маржан Қорғанбаева, Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

— Егер шенеуніктер жиі ауыратын болса, ондай мүмкіндіктер бар болып тұр ғой (күліп). Жылына бір келеді еңбек демалысы. Отыз күнді бөліп алуға болады. Ал, бірақ, қарамағыңдағы қызметкер қайта-қайта ауыра беретін болса, қай басшыға бағады? Қанша жерден ауырсақ та, «больничныйға» шыға бермейміз. Жағдайға байланысты ғой. Егер жиі ауыратын болса, апталап сұранып кететін болса, жұмысқа да тиімді емес қой.

Бұлбұл Күзембаева, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының әкімі:

— Қызметкер жиі ауырып қалады екен деп оған шара қолдана алмаймыз. Өйткені, денсаулық сақтау мекемесінде дәлелдемелер бар шығар. Рас, жиі сұранатын болса, жұмысқа кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Өз басым соңғы рет қашан ауырғанымды немесе ауырып сұранғанымды білмеймін. Соған қарағанда, «жұмыс, жұмыс» деп жүре беретін сияқтымыз. Кейде қарамағымдағы қызметкерлерден денсаулығын сұрап отырамын, ауырып қалмас үшін күтініп жүру керегін де ескертемін. Егер, жеңіл-желпі белгілері байқалса, үйден-ақ емделуге болатын шығар.

Жалпы, облыстағы мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлердің қандай жиілікпен ауыратыны жөнінде мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сонымен бірге, облыстық денсаулық сақтау басқармаларына жолықтық. Екі басқармада да «жиі ауыратын» мемлекеттік қызметкерлерге қатысты мониторинг жүргізбейтіндіктерін жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары