$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде жанармай тапшылығы белгі бере бастады

Қазақстанның бірнеше қаласында соңғы күндері жанармай тапшы. Кең таралған АИ-92 маркалы бензиннің сатылымына шектеу қойылып, көп жерлерде тек талон арқылы берілуде, деп хабарлайды 31 арна.

Көлік иелерінің айтуынша, қайсыбір аймақтарда осы сәтте жанармай бағасы күрт өскен. Әзірге нақтыланбаған мәлімет бойынша, Алматы, Орал және мұнайлы аймақ Маңғыстау облысында бензин қат. Елімізге жанармайдың 40 пайызы көршілес Ресейден тасымалданады. Ал бұған жауапты мекеме жоспарлы 118 мың тоннаның 20 мың тоннасын ғана жеткізген. 

Жүргізушілер бұл жайтты кезекті баға көтеру алдындағы қалыпты құбылыс деп бағалайды. Бұған дейін бұрынғы министр, қазіргі вице Ұзақбай Қарабалин күзге дейін баға өспейді деп мәлімдеген. Ал сарапшылар жанармай бағасы міндетті түрде өседі дейді. Өйткені ішкі нарыққа Ресейден келетін бензин мен дизель отынының үлесі 40 пайызды құрайды. Онда аталған мұнай өнімдері 20 пайызға қымбат. 

– Алдын ала ақпарат құралдары арқылы жанармай бағасы қымбаттайды деп жар салады. Ондағы мақсат халықтың қалай қабылдайтынын біліп, қымбат бағаға олардың құлағын үйрете беру. Бірден бағаны өсірмейтіндері де сондықтан. Менің ойымша, егістік науқаны аяқталған соң, жанар-жағармай бағасы 20 пайызға өседі, – дейді сарапшы Сергей Смирнов.

Жыл басында мұнай және газ министрлігі осы жылы 1 миллион 69 мың тонна бензин Ресейден тасымалданады деп мәлімдеген. Ал еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары 2 миллион 885 мың тонна өнім өндіреді. Алайда бензиннің елдегі жалпы тұтыну мөлшері 4 миллион 168 мың тоннаны құрайды. Яғни, аз дегенде 300 мың тонна, әйтпесе одан да көп бензин жетіспейді. Ал жанармай қауымдастығы тамыз айының басында бензиннің сырттан келетін көтерме бағасы бөлшек саудадан асып кететінін айтқан. 

«Қазақстан жанармай қауымдастығының» заңгері Жақсылық Жанқаловтың пікірінше, бүгінгі таңда Мұнай және Газ министрлігінің бұйрығымен Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуші болып анықталған «Қазмұнайгазөнімдері» ЖШС-і бөлшек сауда етушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге шамасы жетпей отыр.

Жанармайды көтерме саудамен импорттаудың өзі монополияға айналған жағдайда, бәсекелестік болмайды, ұсыныс икемділікке көнбейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары