$ 446.49  475.38  4.79

Жерасты қалашығының тыныс-тіршілігі

Біз Ақтөбе облысында орналасқан шахталардың бірінде 535 метрлік тереңдікке сүңгіп, хром өндірумен айналысып жатқан жерасты қалашығының тыныс-тіршілігімен таныстық.

Әңгіменің ашығын айтсақ, ол жердегі көрініс біз ойлағандай болмай шықты: қолдарына шахтердің шойбалғасын ұстаған ондаған жұмысшыны көре алмадық. Кен шығатын тар өткел бірлі-жарым адамға ғана шақталған. Әр шахтердің өз жұмыс орны бар. Каска, қолшам, аккумулятор, өзін-өзі құтқаруға арналған құрал және ауыр белдік — мұндай жүкпен кен өндіру емес, тіпті жерастында жүрудің өзі қиын. Біз шахтердің бір күнін өз көзімізбен көріп, бастан өткеруді ұйғардық.

Шахтаға түспес бұрын шахтерлердің бәрі бірдей киім ілгіш тұрған бөлме арқылы өтеді. Ол жерде жылы жамылғы, шұлғау, етік, ауыр белдігі бар арнайы жұмыс киімі және басқа каска беріледі. Одан кейін шахтердің әбзелдері тұрған келесі бөлмеде оларға арнайы жабдықтар, өзін-өзі құтқаруға арналған құрал, аккумуляторы бар қолшам тиесілі.

— Апатты жағдай туындағаны жөнінде дабыл қағылатын болса, біз бірден желдетпе ұңғысына қарай бас сауғалауға тырысамыз, — дейді даусынан талаптың қатаң белгісі байқалған шахта басшысы Амангелді Сүйінтаев, мен біздің бұл сапарымыз жерасты жолына жай ғана саяхат еместігін бірден түсініп, бойымды жинап алдым. Шахтер — қауіпті мамандық. Сондықтан аусым арасында құрылғылардың тиісті деңгейде жұмыс істеп тұрғанын тексеруге бір сағат уақыт беріледі. Пайдаланылған үңгірлер апат кезінде шығу үшін сол күйінде қалдырылады, ал шахтада темекі шегуге қатаң тыйым салынған. Сондықтан да өзін-өзін құтқаруға арналған құрал ауадай қажет. Бірінші рет шахтаға түскен әр адамға міндетті түрде оны қалай қолдану керектігін түсіндіріледі. Жаяу жүріс кезінде құрал ішіндегі оттегі бір сағатқа ғана жетеді.

Шахтаға арнайы көтерме арқылы түсеміз. Оның жылдамдығы секундына 3 минут. Жерасты қабатының тереңдігі — 535 метр. Қысымның салдарынан құлағың бітеледі.

— Бұл шахтаның құрылысы 1974 жылы басталды, — деп Амангелді Сүйінтаев әңгіме желісін жалғады. — 1981 жылы кен өндіру ісі жолға қойылды. Қазір жұмыс үш аусыммен, тәулік бойы жүреді. Бір аусымда, яғни 7 сағатта 3000 тонна кен өндіріледі, ал бір аусым жөндеу жұмыстарына тартылады. Шахтерлер азық-түлікті өздерімен бірге ала келеді. Қоржында міндетті түрде сүт, шұжық және бір бөлке нан болуы керек.

— Шахтер болу үшін қандай талап қойылады?

— Есту және көру қабілеті өте жақсы болуы керек?

Менің бұған қосарым бар: шахтер аласа бойлы және салмағы орташа болғаны дұрыс. Жерасты қабаты арасындағы тар сатылар арқылы алға жылжу оңай емес. Әрі діттеген орынға жету үшін 20-45 метр жоғары көтерілу керек. Жерасты қалашығында әртүрлі деңгейдегі үңгірлердің оншақтысы бар. Біркезде еңбек жолын жұмысшы болып бастап, шахтада 33 жыл істеген Амангелді Сүйінтаев барлық бағытты жақсы біледі.

... Әбден қайралған темір көтерме сықырлап барып тоқтады. Біз метроға ұқсайтын үңгірге тап болдық. Бұл жер қабаты басталатын кен қақпасы екен. Үңгір ішімен жарты шақырымға жуық жерді бойлап келеміз. Қабырғадан су ағып тұр, асты арық болуы керек, аяқ басқан сайын шалшық су мен лай балшық теріңе зәрдей тиеді. Шахтадан жоғарыға бір сағаттың ішінде 230 текше метр су ытқып шығады. Хромтауда жерасты суы бірден беткі қабаттан басталады.

Жерасты жолында біз кезіктірген бірінші адам — электровоз жүргізушісі Владимир Литке. Оны 40 жыл еңбек жолын осы шахтада өткізген ақсақал десе де болады. Бір кезде үңгуші болып жұмыс істеген ол енді жасының ұлғайғанына байланысты кен тасушы болып ауысыпты.

— Менің міндетіме әрқайсысына 8 тоннадан кен толтырылған 8 арбаны сүйреу кіреді, — дейді ол үңгірдің тереңдігін нұсқап. — Бір аусымда 5-6 мәрте қатынаймын. Өндірілген кен төңкергішке салынады, уатылады, одан кейін оны жүк көтергішке тиеп алып, тауға қарай шығарады.

Өткелдер өте көп, бір аусымда жұмысқа шыққан шахтерлердің бәрі өткелдерді аралап кетеді. Біреулері кенді күреп жатқанда, екіншілері оны қопарса, ал енді біреулері бұрғымен жұмыс істеп жатады.

Біз үңгір аузына жақындай түскенімізде бөлімшелердің бірінің басшысы Асхат Абдулқадыров алдымыздан шықты:

— «Жастар» шахтасында 3 бөлімше бар, — деп түсіндірді ол, — Бұл аумақта үңгушілер, жүкарбалардың машинистері және кеншілер еңбек етеді. Ұжымда барлығы 172 адам. Қазір біз қабат арасындағы алаңқайға көтерілеміз, ол жерде кен байлығын өз көздеріңізбен көресіздер.

Қолшамның болар-болмас көмескі жарығы ғана қараңғылықтың пердесін түріп тұрғандай. Тар сатымен 50 метрге көтеріліп келеміз. Бір мезгілде сатының басқышы бітіп қалды. Енді басқа баспалдаққа өтуіміз керек. Бізге сыртын беріп тұрған сатыға бір адым аттаудың өзі күш. Себебі төмен қарасаң, түпсіз қараңғылық — құздан құлағалы тұрғандай боласың. Осындай қиын өткелдерден өтіп барып, біз діттеген жерге жеттік. Мұнда үңгушілер жазығынан жатқан қазбаны қиюмен айналысып жатыр. Шатыр құлап кетпес үшін, металдан жасалған діңгектер — бекіткіштер орнатылады. Оның әрқайсысы 75 келі тартады! Шахтадағы кенішті бөлікті бекіту жерасты жұмыстарының ең көп еңбекті қажет ететін бейнетті шаруа.

Өнім алу үшін шахтерлер бұрғы қолданады, сонымен қатар тау жынысын қопаруға тура келеді. Кенішті қопарғаннан кейін және желдетіп болған соң, бекіткіштер орнатылады. Алексей Скороход — қопарушы. Ол бізге жарылғыш затты да, кенішті қалай қопаратынын да көрсете алған жоқ: құпияны жария етуге тыйым салынған, бірақ, бір мәрте жарылыс кезінде олар небәрі қазбаға қарай 1 метр ғана жүретінін айтты.

... Міне, кенді сырып әкелетін жүкарбаның машинистері жұмыс істейтін кеніш. Тарсыл-гүрсілден құлақ бітеді. Алып арқанға байланған жүкарба тау жынысын сүйретіп келеді. Төменде кеніш вагоншасы. Темір торлы қақпа ашылады да, түпсіз қараңғылыққа құлдилаған кен көзден ғайып болады. Кенқұдықтың биіктігі 80 метр. Жылына шахта 2 миллион 300 мың тонна кен шығарады.

Біз жоғарыға көтеріліп келеміз. Етік жуу — міндетті тәртіп. Бірақ ол үшін иілудің де қажеті жоқ — тек судың ішінде айналып тұрған білікшелердің арасынан өтесіз.
Аусым аяқталды. Жоғарыға үстінде қатқыл жұмыс киімі мен басында каскалары бар, шаршағаннан жүздері тотығып кеткен оншақты жігіт көтеріліп келеді. Біз барған күні «Жастар» шахтасы 43-мыңыншы аусымын өткерді.

«Жастар» шахтасында жылына 2 миллион 300 мың тонна кен шығарылады. Өндіріс жұмыстары басталған кезде бұл кеніште 63 млн. тонна хром кені болған еді. Қазір шамамен 18 млн тоннасы қалды.

Үңгумен, өндірумен және кен тасымалымен 900 адам айналысады.

Хромтау Оңтүстік Африкадан кейін әлемде хром кенінің қоры бойынша екінші орын алады. Бірақ біздің кеніміздің құрамы бай. Оның құрамының 45-60 пайызы таза хром болып келеді. Ал Оңтүстік Африканың кенінде бұл тек 35-40 пайызды ғана көрсеткен.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары