Елордада 10 қыркүйекте «Астана» Ұлттық сурет галереясында ҚР ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестіктерінің республикалық форумы өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға бұрынғы Кеңес Одағының Тәжікстан Республикасындағы 90-жылдары ең шиеленісті шекара бөліктерінің бірін қорғаған 300 қазақстандық бітімгер қатыспақшы.
Шара барысында жастар арасында жүргізілетін әскери-патриоттық жұмысты жетілдіру жолындағы Қазақстан ардагерлік қозғалысын дамыту мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, тәжік-ауған шекарасындағы, Таулы Қарабахтағы шиеленістерге қатысушы-ардагерлер және Иракта бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау «Қазбат» бітімгерлік батальонының құрамында болған әскери қызметкерлердің заңнамалық статусын анықтау мәселелері талқыланады.
Айта кетейік, 1992 және 2001 жылдар аралығында Тәжікстан Республикасындағы әскери қимылдарда жауынгерлік қызметті 8,5 мыңнан астам қазақстандық өтті.