Ақтөбеде өзен жағасында ойнап жүріп, жоғалып кеткен 9 жасар баланың мәйіті табылды деп жазады "Диапазон" порталы. Оқушыны құтқарушылармен бірге туыстары және ерікті азаматтар да іздеген болатын.
Біржан Ерсайыновтың денесі жоғалып кеткен жерден 800 метр қашықтықтан табылыпты. Еске салайық, 4-сынып оқушысы 13 сәуір күні Жаңа қоныс елдімекенінде өзен жағасында ойнап жүріп жоғалып кеткен еді. Көрші балалармен ойнауға кеткен Біржан сол күйі үйіне оралмаған. Жамандықты жүрегі сезген әжесі дереу полицияға хабар беріп, баланы іздеу жұмыстары бір аптаға созылды.
Құтқарушылардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығы мен өзен суының лайлануы және арнасынан асуы іздеу жұмыстарына кедергі келтірген. Алдын ала болжам бойынша, Біржан мұздан мұзға секіріп жүріп, суға құлап кеткен көрінеді. Мұны достары көргенімен, өзгелерге айтуға қорқыпты. Тек түнде полиция іздеу жұмыстарына кіріскен кезде ғана көршінің балалары оқиғаны баяндап берген.
Құтқарушылар су тартылғаннан кейін ғана баланың денесі табылғанын айтып отыр. Қазір мәйіт полицияға сараптама жүргізу үшін берілген.