Жыл басталғалы бері Қазақстанда өзін-өзі өлтіру деректері біршама азайған. Мәселен, 2017 жылдың алғашқы үш айында 850 адам суицид жасаса, былтыр осы уақытта 931 қазақстандық өзіне қол салған екен. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Бағдат Мусин өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.
Сол секілді суицид жасау әрекеттерінің саны да биыл азайып отыр (1563-тен 1010-ға дейін). Комитет төрағасының айтуынша, 2016 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда суицид саны 5,5 пайызға артқан екен. Атап айтқанда, бір жыл ішінде 3942 адам түрлі себептермен өзіне қол жұмсап қайтыс болған.
Ашығын айту керек, суицидтің нақты себебін Қазақстан түгілі әлем ғалымдары әліге дейін анықтай алмай келеді. Мәселен, 2016 жылғы 1756 суицид оқиғасының себебі сол күйі белгісіз болып қалған. Тек 700 жағдайда ғана адамдар белгілі себептермен өмірмен қош айтысыпты.
Бағдат Мусиннің айтуынша, суицидке жалғыздықтан, материалдық жағдайы әбден нашарлаған кезде, отбасындағы дау-жанжалдан кейін, айықпас дертке шалдыққан кезде, ажырасқаннан кейін барып жатады екен.
Статистикаға көз салсақ, Қазақстанда суицид жасағандардың 75,5 пайызы сау күйінде өзіне қол салған. Тек 20,8 пайзызы арақ ішкеннен кейін өмірімен қош айтысыпты. Қалған 3,3 пайызына психикалық ауру себеп болған.