12.04.2017, 05:53

Талдықорғанда 4 мыңнан астам ағаш егілді

Бүгін Талдықорған қаласында ауқымды «Бақ қала» акциясы аясында 4 мыңнан астам жас көшет отырғызылды. Қаланың 8 мыңнан астам тұрғынымен бірге шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, облыс орталығының бірқатар көрнекті жерлеріне тал екті деп жазады облыс әкімдігінің ресми сайты.

Жас емен, шаған, қараған, қайың, сирень, тұтқұлақ сияқты ағаш түрлері енді қаланың саябақтарына, скверлеріне, аулалары мен көшелеріне көрік беретін болады. Ағаш егу жұмыстары «Шығыс» шағын ауданындағы жаңадан жасалған «Көктем» скверінде, Қаратал өзенінің жағалауында, «Жастар» саябағында, қалалық көп салалы аурухана ауласында және қаланың басқа да жерлерінде атқарылды.

Облыс басшысы Амандық Баталов «Көктем» сквері мен «Жастар» саябағында, қалалық көп салалы аурухана аумағында ағаш отырғызды.

Сенбілік барысында  Амандық Баталов қаланың көркейту жұмыстарына ерекше көңіл аударып, қала басшылығы мен тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді. Мәселен, «Көктем» скверіне гүлзарлар жасап, ландшафтық дизайнымен жұмыс істеу қажеттігін айтты. Көк өсіндерді суару тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Ағашты отырғызғаннан кейін оның күтіп-баптау ісіне ерекше назар аударылуы тиіс.

Қаратал жағалауына барған облыс басшысы өзеннің жиегін ретке келтіруді, жағалаудан өзеннің әсем келбеті айқын көрініп тұруы керектігін ескертті.

Амандық Баталов «Жастар» саябағында жақын күндерде салынатын жабық заманауи бассейннің жобасын көріп, өз ұсыныс-ескертпелерін айтты.

Өңір басшысы Салтанат сарайы, Көрме павильоны, жаңа драма театрының құрылысы жүріп жатқан аумақтарды аралап көрді. Мұндағы Салтанат сарайының құрылысы маусым айында толық аяқталады деп күтілуде. Мердігер мекеменің өкілдерімен бірге құрылыс нысанында болған Амандық Баталов ғимараттың қасбетінің әрленуіне, сол сияқты ішкі декорациясының кейпіне өз тарапынан түзетулер енгізді. Ескертулер күмбездің түсіне және басқа да дизайндік элементтерге қатысты айтылды.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:

- Кіреберістен бастап қала кейпі біртұтас әсем көріністі құрауы тиіс. Бұл құрылысқа да, жалпы көркейту, абаттандыру ісіне де қатысты. Әрбір элемент, тіпті ұсақ-түйекке дейін үйлесімде болуы керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз және осы істі жалғастыруымыз қажет, - деді.