Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесі Алматыда да ерекше аталып өтілуде. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы қаласының әкімдігі үздік журналистер арасында «Мың бояулы қала – Город тысячи красок» байқауын жариялаған болатын. Бүгін осынау байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды шаһар басшысы Бауыржан Байбек пен ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі Алан Әжібаев марапаттады.
Байқау жеті номинация бойынша өткен болатын. Атап айтқанда:
- БАҚ-тағы үздік мақала;
- ақпараттық агенттіктердегі (ғаламтор ресурстары) үздік мақала;
- үздік радио материал;
- әлеуметтік желідегі үздік мақала (блогерлер материалдары);
- үздік фотоматериал;
- үздік инфографика;
- үздік телевизиялық сюжет.
Ендеше, жеңімпаздарға тоқталсақ... «Үздік газет мақаласы» категориясы бойынша «Түркістан» газетінің журналисі Динара Желдібаева жеңімпаз атанды. Ал «Үздік радиоматериал» номинациясы бойынша екі журналист – «Астана» радиосының музыкалық редакторы Әйгерім Біләлова мен «Қазақ радиосының» журналисі Аман Тасыған жүлдені өзара бөлісті. Қазақтардың Дүниежүзілік қауымдастығы сайтының редакторы Ерлік Кебекбай ғаламтордағы үздік материал номинациясын жеңіп алды. Үздік инфографика жүлдесін «IGRAPHIC» дизайн бюросының бас директоры Бағлан Айдашов алса, Жанна Ахметова әлеуметтік желілерде үздік жазбалары үшін марапатталып отыр. Сондай-ақ, Максим Золотухиннің жұмыстары үздік фтотоматериалдар деп танылды. ал «Үздік телевизиялық сюжет» номинациясы бойынша «Хабар агенттігі» АҚ Алматы филиалының журналисі Ұлан Нарынбек пен «Астана» телеканалының журналисі Әділ Өнербаевтар жеңімпаз атанды.
Осы марапаттау рәсімі барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек аумағы 500 шаршы метр болатын «Алматы» телеарнасының жаңа заманауи павильонында болды.
Соңғы бір жарым жыл ішінде телеарнаны модернизациялау жұмыстары жүргенін айта кету керек. Мәселен, құрал-жабдықтар жаңартылды, өндірістік тракт 16х9 жоғары көрсетілімдегі сандық форматқа көшірілді, әлемдік танымал өндірушілерден жалпы құны 1,2 млрд. теңге болатын заманауи телевизиялық техникалар сатып алынды.
Бүгінгі күні «Алматы» телеарнасының қаланың кез келген нүктесінен тікелей эфирге шығатын және ауқымды шараларды дер кезінде көрсете алатын жылжымалы телевизиялық станциясы бар. Канал республиканың барша аймағын қамтиды, соның арқасында баламалы, сандық, спутниктік, кабельді және интернет сегменттегі хабарларды тарата алады.