$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да екі бала мен екі ересек азамат суға ағып кетті

Кешегі төрт күндік демалыста Оңтүстік Қазақстан облысында төрт адам суға кетті. Қайтыс болғандардың екеуі ересек азаматтар болса, екеуі кішкентай бала. Құтқарушылардың айтуынша, барлық жағдайда да адамдар қауіпсіздік ережелерін сақтамаған.

Облыстың екі тұрғыны шомылуға рұқсат етілген су қоймасында-ақ шомылған екен. Алайда, қауіпсіздік ережелерін сақтамай, екеуі де жағадан тым алыстап кеткен. Салдарынан олар тұншығып қайтыс болды.

«Оқиғалардың бірі Шардара су қоймасында орын алды. 1963 жылы туған ер азамат судың шомылуға рұқсат етілмеген жеріне өтіп кетіп бақилық болды. Тура осыған ұқсас жағдай Михайловск су қоймасында орын алды. 1986 жылғы әйел қауіпсіз аймақтан шығып кетіп, құтқарушылар жетемін дегенше көз жұмған», - дейді ОҚО ТЖД баспасөз хатшысы Зәрипа Тұрысбекова.

Тағы екі жағдайда балалар қайтыс болған. Отырар ауданында 2005 жылғы жеткіншек суға ағып кетсе, Сарыағаш ауданында 2014 жылғы сәби тілсіз жаудың құрбаны болды. Екеуі де ата-ананың қарауынсыз қалып, каналға құлап кеткен.

Жалпы, биыл ОҚО-да 17 адам суға кетіп қайтыс болған екен. Олардың 11-і кәмелет жасына толмаған балалар. Қайғылы жағдайларға негізінен адамдардың салғырттығы мен ата-аналардың балаларын қараусыз қалдырып кетуі себеп болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары