$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда алғаш рет велосипед бекіткіші бар автобус пайда болды

«Алматы-2020» бағдарлама аясындағы негізгі 7 бағытты жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Бұл жеті бағыттың басты бір ғана мақсаты бар, ол – Алматыны әлемдік деңгейдегі заманауи қалалар көшіне қосу. Яғни, шаһардың өркениетін арттырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау.

Бүгінде осы аталған бағдарлама аясында Алматыда бірқатар инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылып жатыр. Жолдар жөнделіп, халықтың демалатын орындары абаттандырылуда. Сонымен қатар, велосипедсүйер қауым үшін де жағымды жаңалықтар көп. Мәселен, бұған дейін қалада велосипедшілерге арналған арнайы жолдар пайда болған. Сондай-ақ, велотұрақтар салынып, жалға велосипед беретін орталықтардың саны артты. Ал, елімізде алғаш рет Алматыда велосипед бекіткіші бар жаңа автобустар жолға шығып отыр.

Инновациялық жоба аясында қоғамдық көліктің алғашқы бөлігіне орнатылатын арнайы бекіткіштер жасалды. Соның арқасында қалада велосипедпен жүру ыңғайлы әрі Қазақстанда бұқаралық вело­спортты дамытуға оң ықпал етеді. Алматы қаласының әкімдігі бұл бастаманы «Хоум Кредит Банкінің» қаржылық қолдауы арқасында жүзеге асыруда.

– Алматыда 23 шақырым велосипед жолы салынды, алайда, олар бірімен-бірі ұштаспайды, соның салдарынан велоси­пед­шілер қаланың бір бұрышынан екін­шісіне қиналып жетеді. Бұл мәселені шешу үшін біз осы жобаны жасадық. Қазіргі кезде велосипед қойылатын бекіткіштер №29, №45 бағыттағы авто­бустарға орнатылды. Алғашқы автобустар қала­ның орталығы мен шет аудандарын, саябақ­тар мен Медеу аумағын байланыстырады, бұл жерлерде қала тұрғын­дары мен балалар вело­сипед тебуді жақсы көреді. Осылайша, қоғам­дық көлік арқылы вело­сипедті қалаған жеріне жеткізіп, әрі қарай жүре беруге болады. Бұған дейін велосипедті автобустың ішіне кіргізіп, алып жүру қиындық келтіретін, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов жергілікті тілшілерге берген сұхбатында.

Аталған әлеуметтік жобаны енгізу және жүзеге асыру қоғамдық көліктер арқылы велосипедті тегін алып жүруге мүмкіндік береді. Бекіткіштер Еуропа, АҚШ, Ресей тәжірибелерін негізге ала отырып, қоғамдық көлік үшін арнайы жасалды. Велосипед бекіткіштері автобустың алдыңғы бамперіне қойылады, велосипедші өзінің екі дөңгелекті көлігін мобильді тұраққа қойып, әрі қарай автобуспен кетуіне де болады. Велосипед қондырғысы қарапайым, көп уақыт та алмайды әрі оңай қондырылады.

– «Хоум Кредит банкі» осы жобаны жүзеге асыруға бірден келісті. Олар бұл жобаның қазақстандықтар үшін әлеуметтік маңызы бар екенін ұқты. Бұл жоба көптеген жандардың салауатты өмір салтына бет бұратынына ықпал ететініне сенімдіміз. Біз Қазақстан халқының велосипедпен күн сайын жүріп, ыңғайлы өмір сүруін қалай­мыз. Халықаралық ұйымның бір бөлігі ретінде білетініміз, әлемдік тәжірибеде мұндай жобаға қызығушылық басым. Міне, енді бұл өзекті жобаға қазақстандықтардың да қол жеткізгені бізді қуантады. Мен спортқа жақын адаммын, көп жылдан бері велосипед тебумен айналысып келемін, – деді «Хоум Кредит Банкі» басқармасының төрағасы Ондржей Кубик.

Велоспортты дамыту жөніндегі бұл жоба қалада тиісті инфрақұрылымды жасауды, велобекіткіштері бар автобустардың бағытттарын кеңейтуді талап етеді.

– Бұл жүйе велосипедшілердің қоғам­дық көлік жүйесін үйлестіру ісіне арала­суына ықпал етеді, соның арқасында кез-келген ірі қаланың қоғамдық көлік желісін жақсартады, көлік кептелісін азайтып, қалаға кері әсер ететін залалды заттар көлемін азайтады, – деді Алматы қаласы Денешынықтыру және спорт басқарма­сының басшысы Әбіл Дөңбай.

Бұл жоба оқушылардың жазғы кани­кулы мен Балаларды қорғау күніне орайластырылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары