$ 498.34  519.72  4.85

Қазақ-қырғыз шекарасында оқ атқан сарбаздардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қазақ-қырғыз шекарасында өздеріне шабуыл жасаған бірнеше адамға оқ атқан шекарашылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды деп жазады Tengrinews.kz. Сотқа дейінгі тергеу амалдарын ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.

"Істің толыққанды мән-жайын тексеру мақсатында және қақтығысқа қатысқан әрбір адамның әрекетіне баға беру үшін ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасы қару қолданған әскерилердің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті. Аталған қылмыстық іс Бас әскери прокуратураның бақылауында", - деді әскери прокурорлар.

Бас әскери прокуратура өкілдері шекарашыларды таспен ұрған азаматтардың үстінен де қылмыстық іс қозғалғанын айтты. ҚР Қылмыстық кодекстің 380-бабы 2-тармағына сәйкес (билік өкіліне қарсы күш қолдану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салайық, аталған оқиға 12 тамыз күні кешке "Жасөркен" шекара заставасының маңында орын алған болатын. Қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған 15-20 шақты адамды тоқтатқан екі шекарашы - П.А.Ергеш пен Ғ.А.Бөрібайды күдіктілер таспен атқылаған. Алдымен ескерту оғын атқан шекарашылардың бірі жағдай ушыға түскен соң адамдарға қарата оқ атыпты. Атылған екі оқтың бірі Жасөркен ауылының 1987 жылғы тұрғыны Е.Әміртаевтың басына тиген. Алған жарақаты салдарынан ол оқиға орнында қаза тапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары