Алматы қаласы Дін істері басқармасының «Зерттеу және сараптама орталығы» бірегей электронды ресурсты дайындау жұмыстарын аяқтады. Нәтижесінде Алматыда Қазақстандағы алғашқы интерактивті діни карта іске қосылып отыр. Бүгін Алматы қаласының әкімдігінде осынау жобаның тұсаукесері өтті.
Бүгінгі күні әр түрлі радикалды және экстремистік діни ағымдардың, сонымен қатар, деструктивті діни культтердің таралуы, қоғамның бейбіт дамуына және тұрақтылығына төніп тұрған ең үлкен қауіптердің бірі болып отыр. Әсіресе, қоғамда дінге деген қызығушылықтың өсуіне байланысты бұл өзекті мәселеге айналды.
«Зерттеу және сараптама орталығының» Бейбіт Тұрабаевтың айтуынша, теріс діни ағымдармен күресуде интерактивті діни картаның маңызы зор.
- Сарапшылардың айтуынша, діни экстремизм идеологиясының таралуына көптеген себептер мен факторлар бар. Олардың қатарында біз келесілерге ерекше көңіл бөлеміз: жергілікті халықтың діни сауаттылығының төмендігі, жергілікті тұрғындардың қала (мемлекеттер) территориясында әрекет етіп жүрген діни ұйымдардың қызметтері жайлы хабарсыздықтары, ғаламтордағы деструктивті ағым мүшелерінің белсенді әрекеттері. Жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу мақсатында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен біздің орталық тарапынан жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Мысалы ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, тұрғындар арасында алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр, - деді «Зерттеу және сараптама орталығының» жетекшісі Бейбіт Тұрабаев.
Айта кетейік, интерактивті діни карта мынадай мүмкіндіктерді ұсына алады:
- Қала тұрғындарын заңды түрде қызмет етіп жатқан діни ұйымдар, культтік ғимараттар және миссионерлер жайлы барынша хабардар етіп отырады. Ол өз кезегінде тіркелмеген діни ағымдар мен деструктивті культтерге тартылуын айтарлықтай азайтады;
- Бақылау процесін едәуір тиімді етіп, жүргізіліп отырған жұмыстың жылдамдығы мен нәтижелілігін арттыруға көмегін тигізетін қала тұрғындарына да қатысуға мүмкіндік береді.
- Жалғыз және өзекті дерекқор тәулігіне 24 сағат бойы мемлекеттік орган қызметкерлеріне қолжетімді бола алады, сонымен қатар, өз араларында байланысты жеделдетіп, соның нәтижесінде дін саласындағы мүмкін болатын заң бұзушылыққа жылдам шара қолдануға мүмкіндік береді.
– Осы шара аясында имамдардың, «Зайырлылық пен дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінін біліктілігін арттыруға арналған бірнеше курстарда ұйымдастырылды. Сондай атқарылған жүйелі жұмыстардың бірі «Алматы қаласының интерактивті діни картасы» деп аталатын жобаны атай аламыз. Бұл жобаны күн тәртібіндегі атқарылуға тиісті маңызды іс деп танысақ та болады, - деді «Зерттеу және сараптама орталығының» жетекшісі Бейбіт Тұрабаев.
Ақбота Мұсабекқызы