$ 511.22  540.05  4.73

ОҚО өрт сөндірушілеріне 35 жаңа көлік берілді

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында 19 қазан – Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар қызметінің құрылған күніне орай, ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне 35 жаңа өрт сөндіру көлігі тапсырылды.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев барша сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өрт сөндіру қызметкерлеріне көлік кілтін салтанатты түрде табыстап, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған бірқатар азаматтарды марапаттады.

«Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер еліміздің қауіпсіздігін, төтенше жағдайларда адамдардың өмірі мен мүлігін қорғап, азаматтарға әрқашанда жәрдем беріп келуде. Биыл Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 22 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс және республика көлемінде орын алған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға өз үлестерін қосты. Осындай ерлік пен еңбектеріңіздің арқасында «Қазақстандық құтқарушы» мәртебесіне ие болған баршаларыңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және қызметте жетістік пен табысқа жетулеріңізге тілектеспін»,-деді әкім.

Мерекелік шарада өз қызметтік міндеттерін сапалы, тиімді, мінсіз атқарып, қызметін адал орындаған 25 қызметкер азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан үлестері үшін «Еңбек ардагері» медалімен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен», «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгілерімен марапатталды.

Сондай-ақ, ОҚО Төтенше жағдайлар департаментіне басшылық еткен құрметті ардагер отставкадағы полковник Уалихан Ережепов «Еңбек ардагері», Мұхтарбек Бексеитов «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалдарымен марапатталды.

Айта кетейік, өрт сөндіру қызметінде қазіргі таңда 100-ден астам өрт сөндіру техникасы бар. Бұл техниканың басым көпшілігі 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Қазіргі таңда облысымыздың халқы мен әл-ауқаты өсуіне байланысты көптеген жоғары қабатты тұрғын үйлер салынуда. Мұндай көп қабатты үйлерде қандай да бір төтенше жағдайлар орын алған жағдайда жаңа үлгідегі заманауи өрт сөндіру техникаларының өрт сөндіру автосатылары жоғарыға көтеріліп, өрт сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары