$ 448.89  477.93  4.76

Алматыда «ЖасSTAR» VIII халықаралық фестивалі өтуде

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында шығармашыл жастардың «ЖасSTAR» VIII халықаралық фестивалі өтті. Мерекелік шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы Қоры ұйымдастырған.

Фестиваль аясында мазмұнды шеберлік сабақтары, лекциялар және шығармашылық кездесулер өткізілді. Олардың барысында Қазақстанның, Канаданың, Венгрияның, Ресейдің және Францияның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері еліміздің жастарына білгендерін үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

– Мемлекет Басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «рухани жаңғырудың алғы шарты - өз мәдениетімізді, өзімізідің ұлттық кодымызды сақтап қалу» деп атап өткен болатын. Ал, «ЖасSTAR» фестивалінің тұжырымдамасы туралы айтатын болсақ, ол мынадай принциптерге негізделген: мәдени дәстүрлерді, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімге деген құлшыныс, сананың ашықтығы және әлемдік мәдениетті қабылдауға дайын болу, - дейді Қордың Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров.

Фестиваль жас суретшілердің «Болашаққа көзқарас»  атты көрмесінің ашылуымен басталды. Көрмеге Қазақстанның барлық өңірінен келген авторлардың еңбектері ұсынылды. Фестивальдің арқасында станоктік көркем сурет, портрет және пейзаж жанрларын қалайтындарға Ресейдің, Украинаның, Қырғызстанның және Өзбекстанның жас суретшілерімен кездесуге мүмкіндік туды.

– Жыл сайын біздің өнерпаздарымыздың қатары артып келеді. Не үшін? Өйткені жастар олармен танысу керек, олардан үлгі алу керек. Мәселен, өнерпаздарды бұған дейін тек концерттен ғана көріп келген болса, қазір бетпе-бет кездесіп, тікелей сөйлесіп, сұрақ қойып, оларға қарым-қатынас жасауда мүмкін. Жастар фестивалі осындай мүмкіндік беріп жатыр, - дейді Тұңғыш президент қоры жанындағы Өнерлі жастар кенесінің төрағасы Біржан Хасанғалиев.

Шараны ұйымдастырушылар бұл жолы да жастарға тосын сый жасап, оларды таң қалдырды. Атап айтсақ, үздік суретшілер студенттердің алдында 2-3 минут ішінде керемет сурет салып көрсетті. Сондай-ақ фестивальде Қазақстан анимациясының 50 жылдығына арналған  отандық мультфильмдер көрсетіліп, «Замануи жастар киносының бағдары, көркемдік деңгейі және жаңа үрдістегі проблемалары» атты дөңгелек үстел өтті.

Дәстүрлі шара қарашаның 3 дейін жалғаспақ. Ал, фестиваль Жак Оффенбахтың «Париж өмірі» опереттасымен аяқталады, оны атақты француз дирижері Филипп Юимен жүргізген жұмыстарының нәтижесі ретінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері орындайды.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары