$ 498.34  519.72  4.85

Отан айырбастау

Бір кездері Бауыржан Момышұлы атамыз «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп еді, қазіргі күні осы «Отан» ұғымының өзі трансформацияға ұшырағаны, оның өзін отандастарымыздың әркелкі түсінетіні көрініп қалады. Отан айырбастаудың да әрқилы себептері бар екен.

 Жалқы фактілер.

            Мұстафа Шоқай, мемлекет және қоғам қайраткері. Францияға қоныс аударды. Оның өзіне машақатпен бірнеше мемлекет арқылы барды. Себеп: жеке басына Кеңес үкіметінің төндірген қатері, кеңес идеологиясын қабылдай алмау. Мақсат: Шет елдегі кеңестік жүйеге қарсы эммиграциялық күресті қалыптастыру мен жалғастыру.

Жерар Депардье, актер. Франциядан Ресейге қоныс аударып, азаматтығын алды. Себеп: Байларға салынатын салық мөлшерінің көбеюі. Мақсат: Капиталын сақтап қалу.

Алексей Серебряков, актер. Ресейден Канадаға қоныс аударды. Себеп: Ресейдегі адам құқықтарының бұзылуы, адамдарға деген немкетті көзқарас пен шовинизмнің ушығуы. Өз сөзімен айтсақ: «прошло всего каких-то 150 лет, как в России отменили крепостное право. А 70 лет советской истории - что это, как не разновидность рабо­владельческого строя?! Одна часть страны сидела в тюрьме, другая их охраняла. О какой демократии может идти речь?! У нас абсолютно рабская психология! А демократия - это ответственность» (http://www.aif.ru/culture/person/31443).Мақсат: Ұрпағы ең болмағанда өзгеше тұрмыстық идеологияда тәрбиеленіп, білім мен еңбеккорлықты бағалайтын қоғамда өсуі.

Виктор Храпунов, ҚР бұрынғы шенеунігі. Қазақстаннан Швейцарияға қоныс аударды. Себеп: Заңсыз жолмен алынған мүлікті саяси ауа-райының дұрыс кезінде әзірге ешқандай ілік таппай тұрғанда шет елге аударып, қоныстану. Мақсат: капиталын қорғап қалу.

Асқар Ақаев, Қырғызстанның бұрынғы президенті. Ресейге қоныс аударды. Себеп: 2005 жылы  Қырғызстандағы саяси режимге риза болмағандардың төңкеріс жасап, жеке басына қауіп төнуі. Оны мемлекетте биліктің жанұялық-рулық жүйесін құрды деп айыптады. Мақсат: бас сауғалау (бәлкім мүлкімен бірге).

Виктор Янукович, Украинаның бұрынғы президенті. Ресейге қоныс аударды. Себеп:Елдегі саяси режимге риза болмағандардың толқынысынан жеке басына қауіп төну. Мақсат: бас сауғалау (бәлкім мүлкімен бірге).

Тәлім. Қос актердің, А.Серебряков пен Ж.Депардьенің, отан айырбастауында жер мен көктей айырмашылық бар, бірі өз принципін қорғаштаса, келесісі қаржысын қорғады. Алғашқысы мақсаты жағынан М.Шоқайға жақын келсе, соңғысының В.Храпуновтан айырмашылығы аз ғана. В.Храпунов заңсыз тапқан табысын ың-шыңсыз алып кетті, ал Ж.Депардье табан ақы, маңдай терімен тапқан адал ақшасын қорғады. Моральдық тұрғыдан Ж.Депардьенікі дұрыс, ал Ж.Депардьеге қарағанда А.Серябряковтікі одан да жоғары. М.Шоқай одан да биік тұр, себебі ол осы күрес жолына бүкіл өмірін сарп етті. Бұлардың ең төменгі қатарында – В.Храпунов. Ал бас сауғалап қашып кеткен, қос президент моралдық баспалдақ бойынша В.Храпуновтан да төмен тұр. Ел іші бүлініп жатқанда «еліммен біргемін» дей алуға беттері шыдамай, қара басын сауғалап қашқан пенделер ғана.

Жалпы фактілер.

Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып жатқан қытайлықтар. Себеп: Қазақстанға келіп, натурализация жолымен азаматтық алып, тұрақтау. Мақсат: Қытай елінің биологиялық соғысын жалғастырып, аумақты аккупациялаудың жасырын нысанын жүзеге асыру. Бұл мақсатты екі түрлі жолмен жүзеге асырады:

1) Қазақстанда белгіленген мерзім бойынша тұрақты тұрып, азаматтық алуға өтініш беру. Бұл мерзім «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы заңда 10 жыл болып бекітілген болатын, 1995 жылы  Президенттің заң күші бар жарлығымен өзгеріс енгізіледі де, 10 жылдық мерзім 5 жылға түсті. 

2) Қазақстанның азаматтырымен некеге тұрып, азаматтық алу. 1991 жылғы заң бойынша некеге тұрған бетте бірден азаматтық берілетін. 2002 жылы бұл заңға өзгерістер енгізіліп, некеде тұрған соң 3 жыл өткеннен кейін ғана берілетін болды (бұл жолда алғашқылардың бірі болып осы мәселені көтеріп, аз да болса оңды шешім табуға үлес қосқанымды дәтке қуат санаймын).

Қазақстаннан шет елге қоныс аударушылар. 2014 жылы Қазақ елінен 26 869 адам қоныс аударған (http://tengrinews.kz/kazakhstan_news/26-tyisyach-reshili-uehat-kazahstana-2014-godu-269167/) Себеп: 1) тарихи отанына оралушылар (бұл топтың мақсаты түсінікті); 2) елдегі тұрмыстық-әлеуметтік жағдай бойынша. Соңғысының өзін екі топпен қарауға болады: 1) Төмен табыстылар, яғни бара жатқан елмен салыстырғанда табыс көзінің Қазақстанда әлдеқайда төмендігі. Соңғы 4 жылда елден кетушілердің арасында жоғарғы білімділері 65 пайызға өскен (http://www.regnum.ru/news/polit/1866489.html); 2) Жоғары табыстылар, яғни елдегі тәрбие, идеология, дін, қауіпсіздік т.б. мәселелерге көңілі толмай, бала-шағаларының қамымен қоныс аударушылар. Бұл топтың қолына да капитал шоғырланған.

Аталардан сабақ. Көріп отырғанымыздай, Отан айырбастаушылардың сиқы да сан қилы. Олардың ішінде тез сытылып кететіндері - заңды да, заңсыз да жолмен тапқан өз капиталын қорғаштау үшін қоныс аударғандар. Осы ақшаны тапқан жерін, кіндік қаны тамған жерін көркейтуге бір тиынын да жұмсағысы келмейтіндер. Кезінде ұлт ұстазы А.Байтұрсынов Түркиеге қоныс аударам десе, қолынан біреу қақты ма? Керісінше, түрік әлемі құшақ жая қарсы алар еді ғой. Ә.Бөкейхановтың Еуропаның кез келген еліне жолы ашық еді ғой, Шәкәрімді Қытайға алып кетеміз деп қаншама топ қолқа салып келді. Олар өз басына қауіп төніп тұрғанын білмеді ме? Әрине анық білді, дей тұрғанмен, «бәріміз бас сауғалап қашып кетсек, мына елді кім көркейтеді, мына қарашаға кім жанашыр болады?» деген қағиданы ұстанды. Осы жерге ие болып қопаңдар жүргеніміз де осы кісілердің басын бәйгеге тіккенінің арқасы екенін ұмытатынымыз жаман.

Қолына аз-кем қаржы түсіп шетке зытып отыратындарда, әсілінде, Отан жоқ. Отан жоқ емес, әуел бастан жүрегінде «Отан» деген ұғым болмаған. Әйтпесе, осы қоғамды өзгертуге қара жаяу жүрген адамға қарағанда оның мүмкіндігі көп емес пе? Негізі, К.Маркс атаң дұрыс айтады: «Капиталда Отан болмайды».

 

Алмас ЖҰМАҒАЛИ,

заңғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары