$ 444.22  476.38  4.82

Ұлттық сана жаңғыруы және тарихи тұлғалар өнегесі

Жамбыл облысы Шу ауданында Қазақстан Республикасы Судьялар одағы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық сана жаңғыруы және тарихи тұлғалар өнегесі» тақырыбында республикалық ғылыми конференция болып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау  шеңберінде өткен жиынға облыстық, аудандық соттың төрағалары, сонымен қатар, еліміздегі бірқатар жоғарғы оқу орындарының профессорлары қатысты.

Қазақ хандығының тұңғыш туы тігіліп, ұлттық сананың жаңғыруы  ең алғаш осы өлкеден бастау алған. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым өкілдері аудан орталығында орналасқан Төле би бабаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, аудандық өлкетану мұражайының жәдігерлерімен танысты. Одан соң конференцияда тарихқа көз жүгіртіп, Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында ел тағдырына әсер еткен тарихи тұлғалардың өнегесіне тоқталып, өз ойларын ортаға салды.

«Алматыдан, Тараздан келген ағартушы ғалымдар сүбелі ойларын айтып жатыр. Қазақ хандығы жайында, билеріміз жүргізген ережелерге тоқталып, өте жақсы басқосу болды. Мұндай шаралар қоғамның санасын жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарымызды тірілтуге, салт-дәстүрімізді жандандыруға өте қажет деп білемін. Біз мұнымен шектелмей, жастармен де кездессек деп жоспарлап отырмыз», - деді Жамбыл аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбеков.

Конференцияда Елбасы мақаласының артықшылықтары талқыланды. Мәңгілік ел болу жолында рухани жаңғырудың маңыздылығы да сөз болды., Жиында сот жүйесіндегі бірқатар мәселелер қаралып, жеңіл қылмыстарды шешетін сотқа дейінгі алқа билер кеңесін құру ұсынысы айтылды.

«Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқыладық. Сонымен қатар, сот жүйесіндегі бірқатар өзгерістерді сала мамандарымен отырып ақылдастық. Баршаңызға белгілі, «100 гақты қадам» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы сот төрелігіне ерекше тоқталған болатын. Бүгінгі жиын барысында сол қадамдардың жүзеге асуы барысын да талқыладық», - дейді Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Думан Мәуленов.

Басқосу соңында конференция қатысушыларының тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар жан-жақты талқыланып, бірқатар қаулылар қабылданды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі бағдарламалары мен жолдаулары ел экономикасының дамуына негізделсе, «Рухани жаңғыру» – аты айтып тұрғандай, қазақ қоғамының санасын жаңғыртуды өзіне мақсат еткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары