$ 448.89  477.93  4.76

Алматыда «Шеберлер қалашығы» ұйымдастырылды

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қала әкімдігі мен «Алматы қолөнер палатасының» ұйымдастыруымен «Шеберлер қалашығы» қолөнершілер жәрмеңкесі өтті.

Аталмыш жәрмеңкеге Қазақстан, Өзбекстан, қырғызстан және Ресей елінің шеберлері қатысып, қолөнер мәдениетін насихаттады.

– Жәрмеңкенің басты мақсаты рухани мұраны сақтауға, оның мәдениетін және салт-дәстүрлерін сақтауға, Қазақстанда қолөнер шеберлігін дамытуға және оны жастар арасында танымал етуге атсалысу болып табылады. Қолөнершілермен тікелей байланыс орнату, халық қолөнерін жаңғырту және дамыту, қолөнершілерді қолдау біздің міндетіміз. Біз сонда ғана ұлттығымыздың өнері мен мәдениетін сақтап қала аламыз, – дейді ұйымдастыру тобының менеджері Динара Мырзахметова.

Жәрмеңкеге этно стильде киім, аяқ киім және әшекей бұйымдар, киізден жасалған панельдер және қолдан жасалған кілемдер, қазақстандық кәдесыйлар, ағаш және керамикалық ыдыс-аяқтар, заманауи күміс және бедерлі әшекейлер, тамаша сөмкелер мен қолдан жасалған ойыншықтар, тастан жасалған қазақ белгілері бар әшекейлер, қалпақ, шарф, киізден жасалған аяқ киім және тағы басқа бұйымдар қойылған.

Сондай-ақ, жәрмеңкеге өз қолымен жасаған туындыларын әкелген шебер Владимир Алексенко мұндай іс-шараларға жиі қатысуға тырысатынын айтады.

– Менің жәрмеңкеге әкелген дүниелерімнің арасында қазақтың нағыз ұршығы бар. Келушілер осы ұршықты қызықтап, айналдырып көріп жатыр. Ұршық шпиндельге өте ұқсас, бірақ одан да қатты. Өйткені ол  жүн тоқыма емес, керісінше тоқу үшін айналады. Бұл бір қызық дүние, әрбір қазақ үшін ыстық деп ойлаймын. Бұл ғана емес, осы жәрмеңкеден қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтарын да таба аласыздар. Ұлттық нақыштағы кез келген бұйым сұранысқа ие. Шеберлерді сол қуантады, - дейді қолөнерші Владимир Алексенко.

Сондай-ақ, жәрмеңке аясында «шеберлік сағаттар» да жұмыс істеді. Атап айтқанда шебер Наталья Алешина қуыршақ жасауды үйретсе, Владимир Алексенко ағаштан ас үйдің заттарын жасауды, Ларина Ольги  тоқуды үйретіп, келушілерге көмектерін көрсетті. Қонақтар болса шеберлік сағатында қолөнершілерден қалаған нәрсесін үйреніп, алғыстарын айтып жатты.

Ересектер мен балаларға арналған жәрмеңкеде 6 кабельдік киіз үй орнатылған. Әрбір адам оған арнайы кіріп, естелік фотосуреттерге түсті. Сондай-ақ, оның құрылғысы туралы қазақша киіз үй бұйымдарын өндірушілер қауымдастығының өкілдеріне және «Yurtart» халық шығармашылығының өнімдері өкілдеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Айта кетейік, «Қолөнершілер жәрмеңкесі» әр айдың соңында Алматы төрінде келушілеріне есігін айқара ашады. Аталмыш жәрмеңке тек шілде және қаңтар айында демалады.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары