Әлемнің озық тәжірибелерінің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қажетті көмек алу мәселесі халықты алаңдатып отырғаны ақиқат. Жаңа жүйе бойынша адам қай жағдайда стационарлық көмек ала алады? Ал шұғыл түрде ауырып түскен жағдайда қалай болмақ?
Осы сұрақтарға жауапты және МӘМС аясында стационарлық көмекті қалай алуға болатындығын Алматыдағы №5 қалалық аурухананың бас дәрігері Садықов Болат айтып берді.
«Шынымен де бұл мәселе халықты алаңдатып отыр. Ең бірінші кезекте айтарым, сақтандыру қаржысы төленген жағдайда адамдар алғашқы медико-санитарлық көмек берушілердің нұсқауымен ауруханаға жата алады. Немесе медициналық ұйымның жоспарлы стационарлық көмегі аясында жатқызылады. Бұл әлеуметтік маңызы бар ауруларға қатысты емес. Ал, шұғыл түскен жағдайда оған нұсқау керегі жоқ. Шұғыл жағдайда ауруханаға жатқан адамдар Мемлекеттік тегін медициналық көмек беру көлемі аясында емделетін болады. Ал сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын адамдар, МӘМС қорына ақша төлемейтін адамдар мемлекеттік тегін медициналық көмек беру көлемі аясында көмек ала алады», - деді Болат Садықов.
Маманның айтуынша, МӘМС аясында ауруханаға жату үшін белгілі бір мекенжайда тіркелу шарт емес.
«Шұғыл жатқан адамға тіркеуі жоқ болса да көмек көрсетіледі. МӘМС аясында медициналық көмек тұрғылықты жеріне қарамастан кез-келген адамға бірдей көрсетіледі. Тек ең бастысы Медициналық ұйымның сақтандыру қорымен келісімшарты болу керек», - деді ол.
Адамдарға жинаған ақшам емделуге жете ме деп алаңдауға еш негіз жоқ дейді мамандар.
«Халық жинаған ақшам жете ме деп алаңдаулы. Бірақ, мұндай алаңдаушылыққа еш негіз жоқ. Себебі, сақтандыру жүйесі жинақ емес. Қандай төлем салынса да сақтандыру жүйесінің қатысушысы кез-келген медициналық қызметке қолжеткізе алады. Шығындарды сақтандыру жүйесі төлейді. Сақтандыру қорымен жасалған келісім бойынша барлық материалдық және еңбек ресурстары медициналық ұйымның мойнында болады. Науқастарға дәрі сатып алу, тамаққа төлеудің қажеттілігі жоқ. Стационарлық емдеудің барлық шығындарын қор өз мойнына алады. Егер дәрі жоқ болған жағдайда, медициналық мекеме дәрінің баламасын табуы тиіс», - деді ол.
Айта кету керек, елімізде 2017 жылдың шілдесінен бастап МӘМС жүйесі енгізілгені белгілі. Бүгінде ҚР азаматтарының сақтандыру қорына төлеген төлемдері 14 млрд теңгеге жетті. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарналарды төлеуге өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған тұлғалар да кірісе бастайды. Ал, мемлекет жарна төлеуден әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған 14 санаттағы тұлғалар үшін төлейтін болады. Жалдамалы жұмысшылар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылатын болады.
Еске салайық, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді Мемлекет басшысын Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында Үкіметке тапсырған болатын.