$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «SOS Балалар ауылының» 20 жылдығы аталып өтті

Сара Назарбаеваның бастамасымен 1997 жылы алғаш ашылған балалар ауылы бүгінде 20 жыл үздіксіз жұмыс жасап, ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға пана болып келеді. Аталған ауыл құрылмастан бұрын оның алғышартты 1994 жылы қалыптасып, жетім балаларға көмек ұйымдары жұмыстары жүре бастаған.

Бүгінде  Балалар ауылы бағдарламасы аясында Қазақстан бойынша 25 жоба жүзеге асырылып, 31 отбасында 451 бала ата-ана жылуын сезінген. Бүгінгі таңда 1086 бала SOS бала бақшалары мен білім беру орталықтарында тәлім алып жатса, 96 түлек жеке өмірге қанат қағуға әзірленуде.  Балалар ауылының түлектері арасында 69 шаңырақ көтеріліп, жеке отбасын құрғандар бар. 104 бала жоғары және арнайы орта оқу орындарында білім алып жатыр. Салатантты кештің ашылуында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Алматы әкімі Бауыржан Байбектің құттықтауын оқып берді.

Бауыржан Байбектің құттықтау хатында 166 балаға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 20-дан астам бала туған-туыстарымен қайтадан қауышқаны айтылған.  

«Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Бұл әрине, Сара Алпысқызының бастамасы, сол кісінің ерлігі. Сол кісінің бастамасын қолдаған ұстаздар, аналар қауымының еңбегі деп есептейміз. Алматы әкімдігі бұл ұйымға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Әкімдік тарапынан көрсетілетін қаржыландыру көлемі арта беретін болады», - деді Арман Қырықбаев.

SOS балалар ауылы – мемлекеттік емес әлеуметтік ұйым, 60 жылдан бері балалардың құқықтары мен мүддесін қорғап келеді. Ұйымға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік қорғалмаған отбасылар шоғырландырылған. Доктор Герман Гмайнер Австрияда соғыстан кейінгі жылдары Еуропа аумағында қараусыз қалған балалар көбейіп кеткенде қордың негізін қалаған болатын.

Бүгінгі таңда SOS балалар ауылы мен SOS Жасөспірімдер Үйлері барша континент бойынша 65 000 балаға және жасөспірімге пана болып отыр. Әлем бойынша жүздеген мың бала педагогикалық, медициналық және әлеуметтік бағдарламалар мен SOS балалар ауылы халықаралық қорының жедел көмек шараларының шеңберінде көмек алады. SOS балалар деревнясы қолдаусыз қалған балалар үшін үй де, отбасы да. Онда олар тәрбие, білім алып, одан әрі өз бетінше өмір сүруге бейімделеді.

Алғашқы SOS балалар деревнясы 1997 жылы Алматыда ашылды. Бүгінде қазақстандық қордың құрылымына 3 балалар ауылы, 7 Жасөспірімдер үйі, бала-бақшалар, әлеуметтік орталықтар, отбасыларды күшейту жөніндегі жобалар, жыл сайын ойын формасында 12 мыңнан астам бала мен отбасыға түрлі қызмет көрсететін Ойын Bus жылжымалы әлеуметтік орталығы кіреді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары