Еліміздегі үздік кәсіпорындарға сапа саласындағы жетістіктері үшін жыл сайын берілетін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына биыл Алматы қаласынан 22 кәсіпорын қатысуда. Бұл жалпы үміткерлердің 20 пайызын құрайды.
Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуді әрі отандық тауарлардың сапасын арттыруды көздейтін «Алтын сапа» осымен он екінші жыл ұйымдастырылуда.
Кәсіпорындар арасындағы беделді байқауда биыл 113 кәсіпорын бақ сынамақшы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылдан бастап байқауға жеке кәсіпкерлер де қатыса алады.
Айта кетсек, «Алтын сапа» сыйлығы конкурстық негізде талапкер кәсіпорынның өнімі немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктері, сонымен қатар, менеджмент жүйелерін енгізгені үшін беріледі.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесші-менеджері Динар Құсайынова бұл байқаудың талаптары халықаралық стандарттарға сай екендігін, яғни сапа бойынша еуропалық модельге үйлестірілгендігін айтты. Сондай-ақ, байқауға биыл тұңғыш рет ел нарығында туристік қызмет көрсететін агенттік пен сақтандыру компаниялары қатысуда.
Айта кетейік, «Алтын сапа» байқауы сапалы өнім шығарумен айналысатын отандық кәсіпорындарға беріледі. Бұл бір жағынан қатысушы компанияларға үлкен жарнамалық науқан болса, екінші жағынан кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау.
Аталған байқауға жыл сайын Алматы қаласынан ондаған шағын және орта бизнес өкілдері, ірі кәіпорындар қатысады. Және жыл сайын осынау байқаудан алматылық кәсіпкерлер жүлдесіз қалған емес. Мәселен, 2015 жылы ең үздік шағын кәсіпорын номинациясында «Құбыр арматурасын шығаратын қазақстандық зауыт» ЖШС жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ, ең үздік қызмет көрсетуші компаниялардың ішінде де алматылық «Исткомтранс» ЖШС бәсекелестерінен оқ бойы оза шапты. Ал, халықтың күнделікті тұтыну тауарларын шығарушы кәсіпорындар арасында да «Оңтүстік астананың» кәсіпкерлері үздік деп танылды. Атап айтқанда кондитерлік өнімдер шығаратын «Рахат» АҚ-ның өнімдері ең сапалы деген мәртебеге ие болды. Алматылық өзге компания «Элтекс Алатау» ЖШС болса ең үздік инновациялық жоба деген номинацияда үздік танылды.
Айта кетейік, биылғы «Алтын сапаның» иегерлері желтоқсан айының басында анықталады.