Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанына көп болмаса да ондағы Елбасы тапсырмалары бүгінде республика көлемінде жаппай жүзеге аса бастады. Өйткені, Президенттің бұған дейәінгі бағдарламалары мен жолдауларында негізінен Үкіметке жүк артылса, бұл жолы қоғамдық сананы жаңғыртуды Елбасы бүкіл қазақстандықтарға жүктеді.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» идеясы аясында дәстүріміз бен тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды жандандыратын көптеген шара өтіп үлгерді. Солардың дені Алматы қаласында жүзеге асуда. Бағдарлама аясында қарапайым концерттерден бастап қайырымдылық шаралар, байқаулар, көрмелер мен түрлі әдеби кештер, кездесулер өтіп жатыр. Солардың бірі алматылық мұғалімдер арасындағы байқау. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері өзара сынға түскен сайыс «Рухани жаңғыру тірегі – тіл» деп аталады.
Шараны қалалық Білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Байқаудың өзі үш күнге созылды. Дода шартына сәйкес, ұстаздар оқу сауаттылығы, эссе жазу және өзін-өзі таныстыру кезеңдері бойынша сынға түскен. Жалпы, байқауға қаладағы 132 мектептен кіл мықты деген 200-дей оқытушы қатысып, арасынан 24 мұғалім іріктеліп алыныпты. Жарыс нәтижесінде №159 гимназияның мұғалімі Ержан Арын бас жүлдені қанжығасына байлады. Байқаудың жүлде қоры 2 миллион теңгеге жуықтайды.
«Байқауда эссе жазу турында әркімнің ерекшелігі байқалады деп ойлаймын. Онда сөз саптауы, сөз таңдауы, сөз қолданысы ұстаздың шығармашылық жұмысы, өз ойын еркін жеткізе білуі деген сияқты қасиеттер бағаланды ғой деп есептеймін», - деді бас жүлде иегері Ержан АРЫН.
Жалпы, аталған байқауды өткізуде бірнеше мақсат бар. Солардың бастысы – қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің еңбектерін бағалау, оларды ынталандыру және қоғамда мұғалімдердің мәртебесін арттыру. Сонымен қатар, осы байқауды өткізу арқылы ұйымдастырушылар жасөспірімдердің қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырамыз деп отыр.
«Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ тілі мен әдебиетінің мамандарын жаңадан кәсіби маман ретінде өздерінің шеберлігімен таныстыру. Іс-тәжірибесі өте көп, 27-30 жылға дейінгі аралықта ғана емес, сонымен қатар, 4-5 жыл еңбек өтілімен келген мұғалімдеріміз де бар», - де»ді байқау комиссиясының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Майра ЖҮНІСОВА.