Биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру жұмыстары бүкіл республика аумағында жүріп жатқаны белгілі. Игі шаралар Алматыда да жүзеге асуда. Мәселен, бүгін Бостандық ауданының әкімі Бекқали Торғаев журналистермен кездесіп, «Рухани жаңғыру» аясында ауданда 10 ірі жобаның жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Аталған жобалардың дені «Туған жер» бағдарламасын іске асыру барысында қолға алынған екен.
– Ауданымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында 10-нан астам жоба мақұлданып, іске асырылды. Мәселен, биылғы жылы ауданымызда 14 жаңа балалар және спорт алаңдары ашылды. Алматы қаласы бойынша Бостандық ауданында кәсіпорын өнімдерінің үлесі 10,4 % құрайды, - деді Бостандық ауданының әкімі Бекқали Торғаев.
Аудан әкімі бұдан өзге де мемлекеттік бағдарламаларға жеке тоқталып өтті. Мәселен, «Аймақтарды дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Бостандық ауданында жалпы саны 90 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізілуде. Соңғы 10 айдың ішінде аудан бойынша 255,3 мың м2 баспана пайдалануға берілген. Дегенмен, аудан әкімі Алматының тау бөктеріне көпқабатты үй салу тоқтатылғанын атап өтті.
– 2016 жылдың басында берілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін әл-Фараби көшесінен жоғары қарай көпқабатты үйлер салынған жоқ. Қалалық мәслихат депутаттары осы тапсырмаға сәйкес тау бөктерінде салынатын үйлердің биіктігі 12 метрден аспау қажет деген шешім қабылдаған болатын. Қала құрылысы кеңесінде осыдан кейін бірде бір жоба орындалған жоқ. Елбасы тапсырмасына дейін шешім алғандарға мониторинг жүргіздік. Біздің ауданда «Базис» компаниясының 7 қабатты үй салу жобасы бар еді, соны 3 қабатқа шегерді, - деді Бекқали Нұрғалиұлы.
Сондай-ақ, ол осы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 119,9 млрд. теңгеге жеткенін айтты. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстыратын болсақ 125% өскен екен. (95,9 млрд. теңге).
Айта кетейік, Бостандық ауданында 24 836 кәсіпорын тіркеліп қазіргі таңда олардың 12 896 тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, аудан көлемінде 29 мемлекеттік медициналық мекемелер, оның ішінде 8 республикалық ғылыми институттар мен орталықтар, 203 жекеменшік медициналық мекемелер қызмет көрсетеді.