$ 494.87  520.65  4.91

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 25 жыл

Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толғаны белгілі. Тәуелсіздік алған уақыттан кейін көп ұзамай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштерді құру туралды заңға қол қойып, еліміздің әскерін сайлап алды.

Бүгінде еліміздің географиялық орналасуына байланысты әскерімізді тиімді басқару мақсатында ҚР Қарулы Күштері төрт өңірлік қолбасшылықтарға бөлінген. Солардың бірі – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы. Аталған құрылым  Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Қолбасшылық штабы Семей қаласында орналасқан. Өңірлік қолбасшылықтың құрамына Әуе қорғанысы күштерінің орталық бағыныстағы бөлімдері мен әскерлерін қоспағанда, аумақтық бөлініс шегінде орналасқан әскери бөлімдер кіреді.

Күні кеше даңқы жылдан-жылға артып келе жатқан осынау «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиын Семейдегі Абай драма театрында өтті. Еліміздің оңтүстік-шығыс шекарасын қорғауға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Директивасының негізінде 1992 жылы 1 қарашада Түркістан әскери округының 32-ші армиясының құрылымдары мен бөлімдерінің базасында 1-ші армиялық корпус құрылды. Ол Семей қаласында шоғырланды. 1-ші армиялық корпусқа 1992-1995 жылдар аралығында генерал-лейтенант Федор Иванович Щербаков қолбасшылық етті. Әскери-саяси міндеттерге сүйене отырып, Қарулы Күштердегі ұйымдастырушылық-штаттық құрылымдарды жетілдіруге байланысты 2000 жылы 15 қыркүйекте 1-ші Армиялық корпустың әскери бөлімдерінің базасында Шығыс әскери округы құрылды. Үш жылдан соң әскердің жауынгерлік қабілеттілігін арттыру мақсатында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы болып өзгертілді. 2004-2005 жылдар тарихи жаңалықтарға толы болды. Мәселен, 2004 жылдың күзінде 95876 әскери бөлімі қала типтес Жаңа Ахмер поселкесіне шоғырланды. Сол базаның құрамына Георгиевкадан 27943 әскери бөлімі көшіп келді. Екі айдың ішінде бригаданың жеке құрамы барлық әскери техниканы жеткізіп, жаңа орынға орналасты. 2005 жылы мамыр айында Аягөз гарнизоны үлкен өзгерістерге ұшырады. Мұнда құрамына бірнеше әскери бөлімдер қарайтын механикаландырылған дивизия құрылып, ол 10810 әскери бөлімі болып өзгертілді. 2005 жылы шілде айында 21035 әскери бөлімі Үшарал гарнизонынан Семей қаласына көшіріліп, арнайы мақсаттағы жеке барлау батальоны болды. 2005 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында штаттық-ұйымдастыру шараларына байланысты бес әскери бөлім бірікті: 07187 (Өскемен гарнизоны), 62983 (Георгиевка гарнизоны), 01735, 62914, 32388 (Семей гарнизоны). Ол жөндеу және қалпына келтіру базасы деген жаңа атауға ие болды. 2006 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында «Шығыс» оқу орталығы ашылды. Көп ұзамай жалпыәскери атыс алаңы, химиялық және инженерлік қалашықтар да құрылды. ҚР Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен армияның жаңа түрін құру шеңберінде әскери қызметті жан-жақты трансформациялау және реформалау бойынша түпкілікті өзгерістер жүргізілді. Ерен еңбектің арқасында тарихи жылнаманың жаңа парақтары жазылды. Генерал-лейтенант Ф.И.Щербаков, генерал-майор Ә.Б.Жарболов, генерал-лейтенант Б.Е.Ертаев, генерал-майор У.Б.Еламанов, генерал-майор М.К.Сихимов,генерал-майор Н.А.Жоламанов, генерал-майор Б.Б.Жанасаев, генерал-полковник С.Ә.Жасұзақов, генерал-лейтенант Н.Н.Поспелов, генерал-майор В.Н.Рысбаев, генерал-майор М.К.Бектанов «Шығыстың» құрылуы мен қалыптасуында құрметті де күрделі миссияны атқарды. Әскерді құру мен нығайтуда, бодан елді қорғауда, әрі мемлекеттілікті сақтап қалуда Г.В.Носоновский, А.А.Мартынов, О.К.Рақышев, С.А.Поликарпов, Н.А.Шевченко, Ю.Ф.Козловский, В.А.Акулов, М.Т.Шәріпов, В.Н.Павлов, Ю.И.Альховский, В.П.Каменчук, Н.Ф.Багажанов, Т.Г.Галлиев, А.М.Зеленский, Ю.А.Шевченко, В.Ю.Пискорский, В.Г.Рындя, В.Ф.Жуков, К.М.Сәрсенбаев және тағы да басқа запастағы генералдар мен офицерлер көп еңбек етті. Өзіндік тарихы қалыптасқан қолбасшылықтан түлеп ұшқан офицерлер жауапты жетекшілік қызметте еңбек етіп, Қарулы Күштеріміздің дамуына өз үлесін қосуды одан әрі жалғастырып келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның дамуы мен жетістіктерінің және ҚР Президенті-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың қолдауының арқасында әскери бөлімдер қазіргі заманғы әскери техникамен, қару-жарақпен жабдықталған. Полигондардағы үдемелі жауынгерлік әзірлік бір жүйеге қойылған.

Мерекелік жиында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Мұсақанұлы Қашағанов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тарихын тереңнен талдады. Өңірлік қолбасшылықты әр жылдарда басқарған қолбасшылардың әрқайсысының басқару ерекшелігіне тоқталды. Қолбасшылардың бірінші орынбасарлары – штабтар бастықтары, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, оқ ату мен қолдау жөніндегі орынбасарлары, жауынгерлік әзірлік жөніндегі орынбасарлары, қару-жарақ жөніндегі орынбасарлары, тыл жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ, қолбасшылық қатарында жүріп, жауынгерлік тәжірибесімен бөліскен Ауғанстан соғысының интернационалист-жауынгерлері туралы да толық ақпарат беріп өтті. «Бүгінгі күні осы 25 жыл бойы корпустың, округтың, өңірлік қолбасшылықтың негізін құрған, әскери қызметтің қиыншылығына төзе білген, болашаққа үмітпен қараған офицер генералдарды, сержанттар мен сарбаздарды, әскери қызметшілердің отбасыларын және қызметкерлерді де естен шығармаймыз. Барлығына зор денсаулық, отбасыларына бақыт-береке, ал, елімізге өркендеп, гүлденуін тілейміз», деді генерал-майор Нұрлан Қашағанов. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 25 жыл толуына орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары да оқылды.

Генерал-лейтенант Бақытжан ЕРТАЕВ, Халық қахарманы:

«Әскери адам болу – пешенеме жазылған дүние екен. Мен Семейде 1-ші армиялық корпустың командирі, кейін «Шығыс» әскери округының қолбасшысы болдым. Бұл – Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді қазақтың ұлы ойшылдарының және ержүрек батыр, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтың туған жері. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтын еліміздің Қарулы Күштеріне 44 жыл еңбек еттім, ешқашан аянбадым. Менің күнделігімнің шекесінде Кеңес Одағының Батыры, Халық қахарманы, аты аңызға айналған қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының «Ең қахарлы қару – ол сарбаздың жаны, оған қажетті қару-жарақ – ол рухани азық» деген сөздер жазылған. Әскердегі құрылымда жеке құрамның моральдық рухын көтере білетін офицер, психолог, педагог, әскери міндетіне адал, тәртіпті, шыншыл, намысшыл, өз ісінің шебері, жоғары білікті кәсіпқой маман болуы керек. Әскери тәрбие жүйесінде тәрбиеші офицерлердің жеке тұлғасы әскери қызметшілер үшін маңызды рөл атқарады. Командир сарбазды өз баласындай құрметтеп тәрбиелегенде ғана еңбегінің нәтижесін көреді. Командир мен сарбаз арасында өзара сенім мен сыйластық, түсіністік пен тәртіп қалыптасқан жағдайда армияның беделі де арта түспек. Біз екінші дүниежүзілік соғысты көзімен көргендердің әңгімелерін тыңдап, Бауыржан ағаның кітаптарын оқып үйрендік. Ертеңгі армияның тізгініне ие болар жастарға мирас қалдырмасақ не болғанымыз? Күрделі де қызықты қызметтің өзіндік өрнегін келер ұрпаққа жеткізу міндетім деп есептеймін. Сарбаздар мен сардарлардың ішкі жан-дүниесін байытуға, патриоттық сезімін күшейтуге, өмірге деген құмарлығын арттыруға әлі де өз үлесімді қоса беремін. Әрдайым қазақтың қаһарман батырларының ерлігін негізге ала отырып, сүйіспеншілікті арттыратын, әрі рухты оятатын нағыз патриоттық іс жасауға шақырамын».   

Генерал-майор Мұрат БЕКТАНОВ, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы:

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы – егемен еліміздің құрдасы. Қолбасшылықтың құрылуы мен қалыптасуы кезеңінде қызмет еткендер ширек ғасыр ішінде түрлі қиындықтарға қарсы тұра білді. Биік белестерді бағындырып, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері ардагерлерінің мерекесі. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жайлы әңгіме қозғалғанда жүрегіме жылы сезімдер ұялайды. Қолбасшылықта қызмет еткен бес жыл жадымда жақсы естелік болып жатталып қалды. Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігіне және Семей қаласының әкімшілігіне «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен өзара байланыстағы ынтымақтастығы үшін алғысымды білдіремін».

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әрдайым алдыңғы шептен көрініп, көшбасшылық позицияда келеді. Мәселен, мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруда 2017 жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жемісті еңбек етті. Жауынгерлік әзірлікті одан әрі белсендірудің, кәсіби дағдыны барынша арттырудың, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жағдайын жақсартудың оң үрдісін сақтай білді. Әлемдік додада Қазақстанның Қарулы Күштерінің жауынгерлік даңқы мен абыройын арттырған әскерилердің жетістігі мақтауға лайық. Мәселен, әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2017» халықаралық  жарысы шеңберінде Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында ұйымдастырылған «Танк биатлоны – 2017» сайысында ҚР ҚК Құрлық әскерінің танк экипаждары алғашқы кезеңнен-ақ топты жарды. Жауынгерлік көлікті жүргізуден, түрлі қашықтықтағы нысаналарды жоюдан, танкіге қарсы өткелдер мен бөгеттерден өтуден де алдына жан салмады. Екі аптаға созылған «Танк биатлоны – 2017» сайысының финалында ҚР ҚК Құрлық әскерінің 1-ші экипажы 36 минут 07 секундта, 2-ші экипажы 37 минут 06 секундта, 3-ші экипажы 32 минут 28 секундта мәреге жетті. Жалпы уақыты 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен еліміздің үздік танкішілері екінші орынды иеленді. Олардың басым бөлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан. «Мәтібұлақ» полигонында өткен «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысында» Қазақстан бірінші орынды жеңіп алды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің әскерилері ұшқышсыз ұшу аппараттары звеносының командирі майор Рахымжан Аюпов, ҰҰА аға маманы-аға операторы старшина Тұңғат Сейтов, ҰҰА аға маманы-авиациялық механик-жүргізушісі сержант Олег Запорощенко, ҰҰА аға маманы-аға авиациялық механигі аға сержант Роман Кадров кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Сондай-ақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтас армияларының биыл Қырғызстанда болған екінші әскери-спорттық ойындарында жеке біріншілікте «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің байланыс взводы командирі лейтенант Дархан Кесикбаев пен мина атқыш взводы командирі лейтенант Ақылбек Сәбитов үшінші орынды жеңіп алды. Қос лейтенант Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ынтымақтас армияларының 2015 жылы Ресей Федерациясында өткен бірінші әскери-спорттық ойындарының жүлдегері. Ал, Санкт-Петербург қаласы Қызыл селосындағы С.М.Киров атындағы Әскери-медицина академиясының оқу орталығындағы биылғы «Әскери-медициналық эстафета» байқауында Қазақстан екінші орынды жеңіп алды. Халықаралық жарыста «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің аға барлаушы-маман-мергені Әсем Жәкенова жоғары жеке көрсеткішке қол жеткізді. Ол 2015 жылы «Ынтымақтастық жауынгері» халықаралық әскери-кәсіби шеберлік байқауында жеке есепте екінші орынды ұтып алған еді.

Бүгінгі күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы – жауынгерлік жолы мен даңқты дәстүрлерінің терең тамыры Ұлы Отан соғысының шежіресімен сабақтасқан әскери құрылымдары мен бөлімдері бар еліміздің Қарулы Күштерінің ең ірі бірлестіктерінің бірі. Генерал-майор Нұрлан Мұсақанұлы Қашағанов қолбасшылық ететін «Шығыс» өңірлігінің әскерилері батыр бабалардың жауынгерлік дәстүрін жалғастырып, Қазақстанның болашағының баянды болуы үшін одан әрі талмай еңбек ете бермек.

Алуа ЫСҚАҚОВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары