$ 449.76  483  5.05

Қостанайда адамдар түгілі иттер де үш тілді меңгере бастады

Қостанай облысының иттері де үш тілде меңгере бастады. Ішкі істеп департаментінің кинологтары қызметтік иттерді дайындау жұмыстарына жаңа әдіс енгізді деп жазады «ҚазАқпарат».

Облыстық ІІД-ге қарасты кинологиялық қызмет орталығының міндеті - қылмыстың алдын алу, ашу. Қазір орталықтағы 26 ит із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды іздеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша тәртіп сақшыларына көмек көрсетіп жүр. Кинологтардың айтуынша, енді қызметтік иттер басқаша әдіске үйретілетін болады. Бүгінде арнайы оқу курсы ашылған.

«Кейбір иттерге жейде кигізіліп, веб-камера түйреледі. Оларды қоғамдық орындарға алып шығып, күдіктінің ізін кесуге баулимыз. Содан соң олар өз бетінше аңдуға кіріседі. Иттің бағыты бейнекамера арқылы қадағаланады. Осылайша, күдікті туралы кез келген мәлімет техниктердің компьютерінен көрініп тұрады», - дейді кинолог Жасұлан Бейсембаев.

Жасұлан Бейсембаев кинологиялық орталықта 11 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Оның із кесуші үш иті бар.

«Бұлардың әрқайсысына жекелей міндет жүктелген. Мәселен, неміс иті Кики жарылғыш заттарды анықтаса, шығыс-еуропалық овчарка Альдо күдіктілерді іздеп, қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді. Қызметтік иттердің ең ерекшесі - бельгиялық овчарка Граф. Ол үш тілде: қазақ, орыс, немісше түсінеді. Кез келген пәрменді бұлжытпай орындайды», - дейді кинолог.

Айта кетейік, кинологтар 2018 жылдың соңында қызметтік иттер үшін жаңа оқу курсын қорытындылайды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары