$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында балықшылар із-түссіз жоғалып кетті

Балықтан оралмаған. Алматы облысында екі жігіттің із-түссіз жоғалғанына екі аптадан асты. Сорбұлақ көліне қайықпен балық аулаймыз деп кеткендер, қайта келмеген. Балаларының не өлі, не тірі екенін біле алмай дал болған ата-аналарының Төтенше жағдай қызметкерлеріне өкпелері қара қазандай. Айтуларынша, құтқарушылардың ешқайсысы көлге түсіп, іздеу шараларын жөнді жүргізбеген деп мәлімдейді КТК арансы.

Арыстай екі азаматтың айдын-күннің амандығында жоғалуы жақындарын қан жұтқызып отыр. Етегі жасқа толған ана, «әкелеген» бала мен аяқтары ауыр жарларының «кешікпей келер» деп күткендеріне он күннен асты. 28 жастағы Ұлан Түткенбаев пен Азамат Ақмолдин желтоқсанның 24-і Сорбұлақ көліне балық аулауға шығыпты.

«Түс  кезінде шығып кетеді ғой. Қасындағы балалар айтуы бойынша, көлден сол күйі шықпаған», – дейді Түкенбаевтың анасы Эльмира Қалымбетова.  

«Құтқарушылар  судың үстінде жүреді. Ешнәрсе істемейді. Біресе кислородымыз жоқ, біресе киіміміз жоқ дейді.  Судың астына түсетін водолаздар керек», – дейді Ақмолдиннің жары Назерке Серікбосынова.  

Бақтияр Рамазан сол күні Ұлан мен Азаматты көлге алып келген жүргізуші. Айтуынша, кешкі бесте қайыққа отырып батыс бағытқа бет алған.

«Ар жақта күтіңдер деді. Сонда күттік. Содан судан шыққан жоқ. Бір сағаттан кейін хабарласқанда телефондары өшіп тұрды», – дейді куәгер Бақтияр Рамазан.

Сорбұлақта балық аулауға тыйым салынған. Бірақ, жан баққандардың көбісіне бұл ескерту тосқауыл емес.

Сорбұлақтың ұзындығы шамамен 7 шақырым. Ал, көлді көлікпен айналып өтудің өзіне кем дегенде 4 сағат кетеді. Желтоқсанның 25-нен бері 150-ге жуық ерікті жоғалған жігіттерді іздеуге жұмылды. Бірақ, ешқандай нәтиже шықпады. Соңғы 4-5 күннен бері көлдің беті қатқан. Сондықтан әзірге іздеу шаралары тоқтап тұр.

Құтқарушылар көлдің басына келгенмен, астына түспеген. Он күн бойы жағаны айналып, қайықпен шолып өткеннен арыға бармаған деп жоғалған жігіттердің жақындары шамданып отыр. Тіптен, су астына түсетін киіміміз жоқ деп те сылтауратқан көрінеді. Бірақ, Алматы облысының төтенше жағдай қызметі бұл жаланы жоққа шығарып отыр.

 «Су қойманы жаяу аралап шықты. Одан кейін қайықпен аралады. Суға батып кетуі мүмкін деген жерлерді сүңгуір судың астына сүңгіп іздестіру жұмыстарын атқарды», – деді  Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Азамат Жұртбаев.

 

Сорбұлақтың басында зар илеген аналар ұлдарының не өлі, не тірі екенін біле алмағаннан еңірейді. Енді құтқарушылардан қайыр болмаса, тәуіптердің болжамына жүгінеміз бе деп отыр.

Тауып берсеңдерші, сүйегіне зар қылмай. Тауып берсінші Құдай-ай...Құдайға жалынып жатырмыз күндіз-түні тамақ ішпей...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары