Павлодарда көпқабатты үйдлердің ауласында орналасқан қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды деп жазады Tengrinews.kz. Бұл ақпаратты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де растап отыр.
Күннің аяз болуына қарамастан шақалақ тірі табылыпты. Оны дәрігерлер облыстық перинаталдық орталыққа жеткізгендерін айтты.
Жаялыққа оралған баланы сол маңнан өтіп бара жатқан кездейсоқ куәгерлер тауып алған екен. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полицейлер әзірге ешқандай ақпарат бере алмайтындарын айтқан.
"Кеше сағат 10-дар шамасында жедел жәрдем дәрігерлерінен қоқыс жәшігінен нәрестенің табылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Табылған сәтте баланың денесінің қызуы небәрі 35,4 градус болған. Ол қалың төсенішке оралыпты. Дәрігерлер оны дереу емдеу орталығына жеткізген. қазір жағдайы бірқалыпты ауыр. Денесінің қызуы қалпына келтірілді, тамақтанды", - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев.
Оның айтуынша, сәби дін-аман туылған, салмағы 3 келіден асады екен. Оның қоқыс жәшігінде қанша уақыт жатып қалғаны әзірге белгісіз.