$ 494.87  520.65  4.91

Қыздай: Жасы 60-ты алқымдаған астаналық әйел сұлулығының сырымен бөлісті (ФОТО)

Астаналық көп балалы ана 45 жасында сүт кенжесін дүниеге әкеліп, бүгінде 5 баламен бірге бір немере тәрбиелеп отыр.

Астаналық Гүлнәр Құрманованың жасы – 56-да, 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеген көп балалы ана, бүгінде аяулы жар, абзал ана.

«Жолдасыммен Алматыда таныстық, қазақ ұлттық университеті ол кезде Киров атындағы мемлекеттік университет деп аталатын еді. Екеуміз де сол жоғарғы оқу орнының түлегіміз. Танысып, біраз араласқаннан кейін отау құрып, отбасылы болдық. Үлкен екі қызымнан кейін, 1992 жылы жалғыз ұлымды дүниеге әкелдім. Ол кезде, өздеріңіз білесіздер, 90 жылдар – тоқырау кезеңі, аумалы-төкпелі уақытта жанұяны асырау да қиындап кетті.

Арада тек 7 жыл өткеннен кейін ғана төртінші қызымды дүниеге әкелдім, ол кездің өзінде жасым 40-та еді. Ал кенже қызымыз Микольді 45 жасымда әкелдім. Қазір ересек қыздарымның бірі дәрігер, екіншісі тұрмыста, ұлым екеуі АҚШ-та тұрады. Тұрмыстағы қызымнан бір немере сүйіп отырмын.

Өзім де, жолдасым да 10 ағайындымыз. Бір қызығы, мен де, жұбайым да үйдің – жетінші перзентіміз. Қазіргі жастарға айтарым, көп балалы болудан қорықпау керек, балалы үй базар, сіздерді ертең асырап-бағатын сол кішкентайларыңыз», - деп ақыл-кеңесін айтты көп балалы ана.

Гүлнәр Құрманованың жасы 50-ден асса да, ару ана өз сұлулығын сақтап қалған. Айтуынша, оның осындай жас көрінуінің сыры – үнемі қозғалыста болуынан екен.

"Мен ешқашан қол қусырып отырған емеспін. Үйіміздің жанында үлкен алқапты алып жатқан бақшамыз бар. Сонда жеміс-көкөніс егіп, жаз бойы соларды баптаумен боламын. Бос уақытымда сурет саламын, түрлі киім-кешектер тігіп, тоқыма тоқимын. Мысалы, 90-жылдары дүкеннен түк таппай қалған кезімізде, балаларымның сыртқы киімін өзім тоқып, қолдан тігетінмін. Сол сияқты, йогамен айналысатыным тағы бар. Анда-санда шабытым келгенде, орыс тілінде өлең де жазамын, әрине мақтанғаным емес, бірақ өзімді осылай жан-жақты дамытқанды ұнатамын. Айтпақшы, алдағы уақытта би үйірмесіне жазылғым келіп жүр, оған өзіммен бірге жолдасымды да апарамын деген жоспарым бар",- дейді Гүлнәр Құрманова.

Көп балалы ана, сонымен бірге өзінің Instagram парақшасында қазақтың ұлттық тағамдарының жасалу жолдарын көрсететін – фуд блогер екен. Желідегі парақшасында оның рецептісімен әзірленген шұжық, бауырсақ, айран сияқты ұлттық тағамдарды табасыз.

«Менің, осылай фуд блогер атануым да қызық болды. Бұрындары Instagram-да әжептәуір оқырманым болғандықтан, ұлттық тағамдардың рецептісімен бөліскен едім. Содан бастап, жекеге қыз-келіншектерден түрлі хаттар келе бастады. Олар аталған тағамдардың рецесптісін бөлісуімді өтінді, осылай фуд-блогер атандым»,-деп күлді көп балалы ана.

Гүлнәр Құрманованың кенже қызы Миколь бүгінде «Томирис» фильмнің кастингісіне қатыспақ. Бұған дейін де қысқаметражды киноға түсіп үлгерген ол, бұл жолы да бақ сынап көрмек.

«Өткен аптада қызым осы жаңалықты естіп, оған қатысамын деп шешті. Миколімнің көзі көк, бет-әлпеті жағынан Томиристің басты рөлін сомдайтын актрисаға келетін іспетті. Енді бәрін уақыт көрсете жатар, біздікі тек сәттілік тілеу»,-деп сөзін қорытындылады абзал ана.

P.S. Бес балала ананың перзенттерінің есімдері де көп кездеспейтін сирек аттар. Мысалы бір қызының аты – Елриза (авт. елінің алды, халқы риза болсын деген мағынада), кенжесінің есімі – Миколь (авт. қазақша Микөл, ақылы-санасы көп болсын дегенді білдіреді).

Дереккөз: NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары