Киноға бөлінген ақшаны жеді деп айыпталған, бірақ кінәсі дәлелденбеген Тұңғышбай Жаманқұлов әйелімен бірге театрдан қысым көріп жүрсе, парамен ұсталған Ерлан Біләл спектакльдерде басты рөлдерді сомдап, бөсіп жүр. «Абай» трагедиясында Абай рөліндегі Біләлді көрген қоғам белсендісі Нағашыбай Есмырза актердің сахнада Хәкім Абайша дана сөйлеуін барып тұрған ұятсыздыққа балады.
«Адамның беті қалың болса, қиын екен ғой. Кеше жаңалықтардан Ерлан Біләлдің театрда Абай бейнесін сомдап жүргенін көрсетті. Қылмыскер екендігі (пара алу - қылмыс) сот арқылы дәлелденген адамның Абайды сомдауға қалай беті барады? Оның орнында мен болсам, екі қолымды төбеме қойып қаңғып кетер едім. Болмаса, асылып өлер едім...», – деді қоғам белсендісі өзінің facebook-парақшасында.
Еске салайық, ақпан айының 7-сі күні Алматының Алмалы аудандық соты Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарған.
Ал, осыдан 2 апта бұрын Тұңғышбай Жаманқұлов театрдағы басты рөлдерінен шеттетіліп, қойылымдардан қысқартылып жатқанын айтқан. Тіпті, келіншегі де театр басшылыңынан қысым көріп жүргенін мәлімдеген.