$ 494.87  520.65  4.91

Зағипа Балиеваның мұнысы несі: депутат 7 жасар баланың әжесіне солтүстікте не істетпекші?

Бүгін Астанада Балалар құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Зағипа Балиева баспасөз мәжілісін өткізіп, "зорланды" деген 7 жасар сарыағаштық оқушының ісіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Депутаттың айтуынша, бала әжесімен бірге солтүстік облыстардың біріне арнайы бағдарлама аясында көшуі мүмкін. Зейнеткердің өзі осыған келісімін берген көрінеді.

Білмесеңіздер айта кетейік, оңтүстік халқын солтүстікке көшіру жұмыстары соңғы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар "Жұмыспен қамтудың жол картасы" және "Серпін" бағдарламалары аясында жүзеге асуда. Ендеше Зағипа Балиева алпыстан асқан әйелді бұл екі бағдарламаның қайсысымен солтүстікке көшірмекші?

Солтүстікке көшіп барған оңтүстікқазақстандықтар сол өңірлерде еңбек етіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына үлес қосулары керек. Қоныстанушылар жергілікті билік тарапынан үймен және жұмыспен қамтылады. Қос бағдарламаның да мақсаты сол. "Серпін" тіпті жастарға арналған. Екінші бағдарлама да жұмысқа жарамды азаматтар үшін.

Сонда Зағипа Балиева зейнеткер әжейге қандай жұмыс істетпекші? Онсыз да өмір бойы ауыр еңбектен көз ашпаған кейуана зейнетке шыққанда тағы да белі майысып еңбек етуі керек пе? Әлде депутат 7 жасар баланы еңбекке жеккелі жатыр ма? Олай бола қоймас әрине, бұл нұсқалар ақылға қонбайды.

Әәә, бәлкім Балиева баланың анасын меңзеген болар?! Бірақ, жас келіншекпен келіспей жатып оның сыртынан қалай тон пішеді? Бүгінгі брифингте депутат баланың анасын таппай жатқанын мәлімдеген болатын. Яғни, онымен әлі сөйлесіп, келіспеген. Қысқасы, біз депутаттың 7 жасар бала мен оның әжесін солтүстікке не үшін көшіргісі келетінін, ол жақта қандай жұмыспен қамтамасыз ететінін түсіне алмадық. Бәлкім депутаттың өз ойлағаны бар шығар, бұл қоғамда не болмай жатыр...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары