08.04.2018, 10:22

Жылқыларын молаға жайған қостанайлық фермер айыппұл төлейтін болды

Қостанайда жергілікті тұрғындардың арызынан кейін молада жайылып жүрген жылқылардың иесі іздестіріліп табылды. Жергілікті әкімдіктің ауыл шаруашылығы мен ветеринария бөлімі шаруаны жауапқа тартты деп жазады Alau.kz.

«ҚР Әкімшілік кодекстің 505-бабын (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бұзғаны үшін жылқылардың иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді ол 72 мың 150 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс», – дейді Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.а. Арман Ахметқали.

Айта кетейік, әуежай маңында орналасқан христиандар моласы "Стикс 2012" ЖШС-нің қарамағында. Аталған компания басшыларына жергілікті әкімдік күзетті күшейтіп, мола аумағына малдарды кіргізбеу тапсырылды.