Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Белгілі ақын Мұхтар Шаханов бұған дейін Мұқағали мен Жамбыл жайлы ауыр сөздер айтып, халықтың ашуына тиген болатын. Енді Мұқағалидің сөзіне жазылған әндерді шырқап жүрген халықтың ерке қызы Мақпал Жүнісова бұл дауға қатысты өз пікірін білдірді.
«Халықтың пір тұтатын асылдарын балағаттау ұлылыққа жатпайды. Енді басқа айтары қалмағаны ма? Өшпес мұра қалдырған ата-бабаларымыздан кешірім сұраймын”, – деп жазды әнші өзінің Instagram-парақшасына.
Тарқатып айтар болсақ, бұған дейін Мұхтар Шаханов «Біз тіл үшін күресіп жүргенімізде Мұқағалидің арақ ішуден қолы тимеген», «Жамбыл Жабаев Сталиннің туфлиін жалаған» деп халықтың ашуландырған еді. Ал апта басында Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары бастаған наразы топ «Шахановты жазушылар одағынан шығару керек» деп 600-ге жуық адамнан қол жинап, үндеу жариялады.