Қазақстанда тірі жетімдердің көбеюі алаңдатады. Бұл туралы бүгін «ҚР-дағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу: жағдайды сапалық жағынан өзгерту және проблеманы шешудің қазіргі заманғы тәсілдері» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Әділбек Мұсабаев айтты.
"Қазақстанда 9 мың бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Дегенмен қазіргі уақытта әлеуметтік жетімдіктің көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Жетім балалардың 80 пайыздан астамы ата-анасы тірі болса да жетім қалып отыр", - деді ол.
Іс-шара барысында сарапшылар Қазақстандағы әлеуметтік жетімдіктің түрлі аспектілерін, заңнама тұрғысынан кәсіби мамандар даярлауды және отбасыларды психологиялық қолдау жайын талқылады.