$ 491.7  531.28  5.07

Кіндігін пышақпен кескен: Алматылық келіншек пойызда босанды

Алматылық келіншек пойызда босанды. Абырой болғанда жолаушылардың арасында дәрігер болып, ол аяғы ауыр әйелге жәрдем көрсеткен. Ешқандай медициналық құрал болмағандықтан жаңа туылған баланың кіндігін кәдімгі нан турайтын пышақпен кесіпті.

Осылайша Жезқазғанға қонаққа барған дәрігер Индира Қалқабаева күтпеген жерден кіндік шеше атанды деп мәлімдейді Евразия арнасы.

Индира Қалқабаева жолсеріктің алас ұрып, вагондардан дәрігер іздеп жүргенін естіп қалыпты. Алматыдағы 12 емханада дәрігер болып істейтін келіншек одан жөн сұрап, бірден көмекке ұмтылған. Үшінші вагонда келе жатқан аяғы ауыр келіншекті толғақ қысып, қалаға жетуге екі сағат қалғанда босанып қалған.

«Толғақ өте жиі болды. Шамалғанға жеткенше шыдаймыз деп ойладық, бірақ шыны керек жолда баланың басы көрініп, босану сәті басталды. Кіндігін кесіп, өзіміз босандырып алдық. Пойыздың ішінде» – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Индира Қалқабаева.

Өз тәжірибесінде алғаш рет жалғыз өзі аяғы ауыр келіншекті босандырған дәрігер аздап қорыққанын жасырмайды. Бірақ уақыт өте тығыз болғандықтан барын салған. Аман-есен баланы анасының бауырына берген. «Бірақ нәрестенің кіндігін кесетін ешқандай құрал болмады» дейді.

«Шыны керек қайшы болған жоқ, зажим болған жоқ. Ол жерде пышақ болды қолымызда. Пышақты қайнатып, ыстық суға салып, оттықпен жағып, залалсыздандырып, пышақпен кестік кіндігін» – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Индира Қалқабаева.

Бүлдіршін Шамалған елдімекеніне жетуге 15 минут қалғанда дүниеге келіпті. Теміржол стансасынан желдел жәрдем күтіп алып, Қаскелеңдегі перзентханаға жеткізілген. Дәрігерлер жаңа босанған анаға тиісті көмектің барлығын жасаған. Келіншек ай-күні жетіп босаныпты. Қыз бала салмағы 3 келіге жуық, бойы 49 сантиметр екен.

«Бізге пойызда босанған әйел босанғаннан кейін бір сағат 15 минуттан кейін жеткізілді баласымен бірге. Түскен кезде барлық медициналық көмектің барлығы көрсетілді. Қазіргі уақытта ана мен баланың денсаулығы жақсы. Екеуі бір палатада жатыр. Барлық медициналық көмектерді жеткілікті жағдайда алып жатыр. Жағдайы жақсы бала мен ананың» – дейді Қарасай аудандық ауруханасының перзентхана меңгерушісі Мәрия Байтүгелова.

Индираның айтуынша, аяғы ауыр келіншек Отардағы әскери бөлімде қызмет ететін күйеуіне барып келе жатыпты. Дәгірігерлер босану мерзімі 20 сәуір деп есептеген көрінеді. Сондықтан алаңсыз жолға шыққан екен. Перзентхана мамандары пойызда босанған келіншекті бірер күнде шығарамыз деп отыр

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары