Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылында достарымен қыдыруға шыққан 16 жастағы жасөспірім тірідей өртеніп кете жаздады. Оның анасы, оқыс оқиғаға ұлының достарын кіналайды деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Қазір зардап шеккен Қожаxмет Ілесбаев Маңғыстау облыстық ауруxанасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, денесінің 52% күйік шалған. Сондықтан науқасты санитарлық авиациямен Астанаға апару қажет. Қазір соған байланысты тергеу жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Анасының айтуынша, ұлы Қожаxмет оқыс оқиға болар күні екі досымен сыртқа шығып кеткен. Кенеттен көршінің баласы жүгіріп келіп, жайсыз хабарды жеткізген. Өртке оранған баласының ес-түссіз жатқанын көрген ол, есінен танып қала жаздаған. Шұғыл жедел-жәрдем шақырып, бала Жаңаөзен қаласының ауруxанасына жеткізіледі.
«Қасындағы баланың ағасы оны су шашып сөндірген екен. Баламның беті, қолы, аяғы түгел күйіп қалған. Жағдайы ауыр xалде. Тек аппаратпен өмір сүріп жатыр. Бірақ аздап сөйлей алады. Ұлымды кім өртегенін, осындай xалге қалай жеткенін білгім келеді. Өткен жолы палатасына кіргенімде «ана балалар жасады» деп жылады», - дейді анасы Балғаным Омарова.
Әзірше оқиғаның қалай болғаны белгісіз. Тек анасы достарын кінәлі деп санайды. Сол күні Қожаxметті ертіп кетіп, үстіне бензин шашып, өртеп жіберген деген күдігі бар. Сондықтан құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
«Дәрігерлер бала аппараттан шықса, өлетіндігін айтады. Қалай қиналып жатқанын өз көзіммен көрдім. Қожаxмет үшінші балам. Әлі есімді жия алмай жүрмін. Астанаға алып кетейін десем, қаражат та жоқ», - дейді анасы.
Облыс орталығында 20 күннен астам жатқан Қожаxметтің жағдайы өте ауыр. Ол Жаңаөзеннен 3 сәуір күні жеткізілген. Жергілікті дәрігерлер оның жағдайын жақсарту үшін барлығын жасаған. Қазір күйген теріні ауыстыруға қамданып жатыр.
Маңғыстау облыстық ауруxанасының травматология бөлімінің дәрігері Құралбек Есқалиевтің айтынша, Қожаxмет Ілесбаевтың денесінің 50-52 пайызын күйік шалған. Оның 47% терең күйік.
Облыстық ІІД-ден мәлім еткендей, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазір бұл іс Жаңаөзен Ішкі істер басқармасына тіркелді. ҚР ҚК-нің 114-бабы, 3-бөлігі бойынша (Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру) тексеру амалдары жүргізілуде. Жасөспірім ауруханадан шыққаннан соң сот сараптамасы тағайындалатын болады», - дейді облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әйгерім Ибатуллаева.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, медициналық сараптама жасау үшін зардап шегушінің жағдайы жақсару керек. Әзірше, жансақтау бөлімінде жатқан Қожаxметті қозғауға болмайды.