Алматы көшелерінде бір қолына баласын қыстырып, алақан жайған әйелдерді жиі көруге болады. Ол әйелдерді бірі «сыған» десе, енді бірі тәжік ұлтына жатқызады. Бірақ өздерін мұсылман санайтын олар «біз сыған емеспіз» дейді. Осы туралы және өмір сүру жолдарын әңгімелеген тәжікстандық Хавво есімді келіншек HOLA news порталының тілшісіне сұхбат беріпті.
Олардың айтуынша, қайыр тілеу – кәдімгі күнделікті жұмысқа айналған. Бір күн көшеге шықпай қалса «ауырып» қалады екен. Тұрғылықты жері, не мекені жоқ бұлар өздері ойлап тапқан Ло деген жігіт пен Лы есімді қыздан тараған ұрпақпыз дейді.
«Бізде жұрт жоқ, біз осылай қалаған жерімізді аралап, қайыр тілеп жүреміз. Сығандар олар шоқынғандар, біз - мұсылманбыз, лолылармыз. Біздің арғы аталарымыз Ло деген жігіт пен Лы деген қыз болған, олар туыс бола тұра үйленіп қойыпты. Содан біздің үлкендеріміз оларды қарғап, "лолы" деп атап кеткен. Елден қуылған соң, олар қол жайып, қайыр тілеп күн көрген. Егер, біз осылай қайыр тілемесек, бізді ата-бабаларымыз қарғайды. Сол себепті осылайша қол жайып жүреміз», - дейді Хавво.
Тәжікстанда үй-жайы бар Хавво Алматыға ақша табу үшін келіпті. Көзін ашқалы қайыр тілеп келе жатқан оның келгеніне екі жарым жыл болған. Күйеуі құрылыста істейді, ал балалары да өзі секілді қайыршы. Айтуынша, Алматыда басқа қалалармен салысырғанда ақша көп екен. Яғни, қайыр тілеуге қолайлы мекен. Күніне жоқ дегенде 1500-2000 теңге табатынын айтады. Ал, жұма күндері оның табысы 10 мың теңгеге дейін жетеді екен.
«Таңғы бесте тұрамыз, намаздан кейін көшеге кетеміз. Кешке үйде жиналамыз. Қыста пәтер жалдаймыз, жазда палаткада жатамыз. Пәтеріміз Камаз орталығы жақта. Ақша жетпейді, баламның памперсі бар, тамағымыз бар. Бізді ұстап алса полицейлер бар ақшамызды алып қояды. Балаларымыз да күн ұзақ осылай жүреді», - дейді қайыр тілеуді «бизнеске» айналдырған Хавво.