$ 494.87  520.65  4.91

Үш тоқал алған түркістандық азамат әйелдерімен қарым-қатынасын ашық айтып берді

Түркістаннан Алматыға көшіп келген Алмат Қалекенұлын көршілері мен жақындары үш әйел алған азамат ретінде біледі. Үш әйелінен сегіз бала тәрбиелеп отырған 54 жастағы кәсіпкер өзінің айрықша отбасы туралы әңгімелеп берді.

Бүгінде Алматыда бірнеше дүкені және жеке меншік дәріханасы бар Алмат Қалекенұлының үш әйелі бар. Кәсіпкер екі әйеліне арнап зәулім үй салып берсе, кіші жарына екі бөлмелі пәтер алып берген. Бір қызығы, оның бәйбішесі мен екінші әйелі көршілес үйлерде өмір сүруде.

Алматтың айтуынша, оның мұндай шешіміне әкесінен жалғыз болып туғандығы әсер еткен. Көп балалы болуды армандаған ол арманын іске асыру үшін бірнеше әйел алуға бел буған.

"Балқия - менің бірінші жарым. Ол да 54-те. Екеуіміз Түркістанда бір мектепке оқыдық. Кейіннен отбасылы болып үйлендік. Шағын кәсібімізді дөңгелеттік. Тоқсаныншы жылдары Алматыға көшіп келіп, малымызды сатып, дүкен аштық. Бүгін міне, осы жағдайға жеттік", - дейді ол зәулім үйін көрсетіп.

"Балқия екеуіміздің үш қызымыз бар. Оған ризамын, тату-тәтті өмір сүрдік. Әлі де біргеміз. Бірақ ұлымыз болмады. Жанымды жегідей жегені - әкемнің ұрпағын жалғастырар ұлдың болмағаны. Сондықтан екінші рет үйленуге бел будым. Ол кезде қырық екіде едім. Отыз беске келсе де, тұрмыс құрмаған келіншекке үйлендім. Бүгінде ол маған екі қыз, екі ұл туып берді. Ұлымның алды сегізде. Ал бәйбішемнен туған қыздарымның алды 22-де", - дейді ол.

Бір қызығы, Алмат үшінші әйелі ретінде орыс ұлтының қызын таңдаған. Жетімдер үйінде өскен бойжеткенге үйленгеніне төрт жыл болған.

"Алена 28-де. Жетімдер үйінде өскен. Біздің дүкенде сатушы болып жүріп, оның тиянақтылығына, сабырлылығына назар аудардым. Қазақша да біледі. "Жетім көрсең, жебей жүр" деген. Бір жағынан тағы да бала сүйгім келді. Қазір кішкентай ұлым бар. Есімін Нарсұлтан деп қойдық", - дейді Алмат.

Кәсіпкерге үшінші әйел болуға келісім берген Алена болса, қазіргі өміріне дән риза екенін айтады.

"Ол кісіге ризамын. Артық мінезі жоқ. Салмақты. Елдің бәрі оны сөгеді. Үш әйел алған, ұяты жоқ деп. Бірақ, бастысы әйелдерінің барлығы оған риза. Менің, мысалы ешкімім жоқ. Маған кім қарайды?! Ал ол кісі маған пәтер алып берді", - дейді Алена.

"Оларды шетелге қыдыруға апарып тұрамын. Екінші әйел алғанда менен теріс айналған, артымыздын пыш-пыш сөйлеген туыстар өте көп болды. Қыздарым қарсы болды. Олар ол кезде мектепте оқитын. Көп қиындықтар өтті. Әйелім де көнбей, тулады. Бірақ мен ер адаммын. Егер мен екінші рет әйел алмасам, менің алтындай үш ұлым болмас еді. Екі әйелім де зәулім үйде тұрады. Хиджаб кигізіп, күштеп жатқаным жоқ. Қыздарыма кәсіп аштым. Мен оларға бар жағдайды жасаймын", - деген ол тоқал алам деушілерге өз кеңесін айтты.

"Бар айтарым, анау алды екен деп, барлық еркек атаулы тоқал алсын деген сөз емес. Менің жағдайым бар. Бар болса да, алмай, бақытты болып жүргендер көп қой. Әркімнің өз қалауы бар. Қазір өз басын әрең сүйреп жүргендер тоқал алғыш-ақ", - деді ол.

"Құдайға шүкір, бақыттымын. Әйелдерім бір-бірімен жақын араласпаса да, анау-мынау жиындарда, тойларда бірге жүреді. Осылардың арасында, балаларымның арасында күндестік болмаса екен деп тілеймін. Тәрбие беріп жатырмын шамам келгенше. Бөліп-жармаймын. Бір күні бір әйелімнің үйіне, екінші күні екіншісіне, үшіншісіне деп аптасына бірнеше рет аралап тұрамын. Ал негізгі үйім, бәйбішемнің қасында", - дейді ол.

Дереккөз: NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары