Рамазан айында көпті мазалайтын сұрақтардың бірі «Сәресіде ұйықтап қалса сол күнгі ораза қабыл бола ма?». Сәресіде береке бар. Бірақ дініміз ұйықтап қалған адамның оразасын жалғастыруына рұқсат берген.
Сәресі ішу – парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын ары қарай жалғастыра береді. Бірақ, сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі, сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді», - делінген. Сәресі мезгілі – дұға-тілектер қабыл болатын ең берекетті уақыт. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісі сүннет сауабын алады. Себебі, сәресі жеу – пайғамбарымыздың сүннеті. Сәресіге тұрған кісі артынша сәре уақыты шықпай тұрып «Тәһәжжуд» намазын оқып, Раббысына мінәжат етсе нұр үстіне нұр.