Кубада ұшақ апатынан көп адамның қаза болуына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды деп жазады Aзаттық.
Мамырдың 18-і күні Гавана әуежайынан елдің шығысындағы Ольгин қаласына ұшып шыққан Куба мемлекеттік әуе компаниясының Boeing 737 ұшағы әуеге көтеріле салысымен көп ұзамай жерге құлаған. Ақпарат агенттіктерінің дерегінше, ұшақта жүзден астам адам болған. Жергілікті басылымдар апаттан үш адамның тірі қалғаны, ауруханаға жеткізілген олардың жағдайы өте ауыр екені туралы хабарлады.
Ұшақ апатының себебі белгісіз. Мексикалық Aerolineas Damoj компаниясының меншігіндегі 1979 жылы құрастырылған ұшақты Кубаның Cubana de Aviacion әуе компаниясы жалға алғаны туралы Мексика билігі мәлімдеген. Ұшақ экипажы құрамында мексикалық алты азамат болған.
Boeing компаниясы Куба үкіметіне апат себебін тексеруге болысу үшін мамандарын жіберуге әзір екені туралы мәлімдеген.