Ақын Ринат Зайытов 91 тобын сабамақ болған «Меломеннің» жігіттерін жақтады. Бұл туралы ол белгісіз ер адамға телефон арқылы айтып берді. Видеоны желіге трио құрамындағы Ролан Қазретов жүктеді.
Зайытовқа қоңырау шалған белгісіз ер адам ақынның 91 тобына көзқарасын сұрайды. «Сол топ жайлы мүлде әңгімелеспей-ақ қояйықшы» деген ол «Меломен» тобының 91-ді сабамақ болғанынан мүлдем хабарсыз екенін айтады. Десе де Зайытов трионың жігітерін қос қолдап қолдайтынын жеткізеді.
Айтыскер ақынға риза болған Ролан Қазретов Зайытовқа алғыс білдірді.
«Рәкеңнің қамшысы ұлттың болашағына төніп тұрған қауіпті тазалауға әрқашан дайын, жасай беріңіз Рәке! Екі ауыз сөзім болса да қазақ үшін пайдасын тигізетін болса қуаныштымын деп отырсыз, біз сізбен біргеміз Алла жар болсын! Елбасымыз аман, дінбасымыз аман, еліміз аман болсын!» – дейді ол Instagram-парақшасындағы жазбасында.
Естеріңізге сала кетсек, «Меломен» тобы «жезөкшелерді» қамшымен сабаған рэпер Жан Ахмадиевке қолдау білдірген болатын. Тіпті, оның жаңа бастамасына сәттілік тілеп, алдағы уақытта атышулы Айжан Байзақова мен Ninety one тобын қамшымен сабауға кеңес берген еді.
Кейін өзін сабауға үндеген жігіттердің дауысы құлағына келе сала Байзақова «Меломен» тобын сабайтын адам болса, 300 мың теңге дайын» деп мәлімдеме жасады.