Алматы саябағының бірінде кенеге ұқсас жәндіктер қаптап жүргені анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Алматы тұрғыны кешкі серуен кезінде саябақтағы орындықтардың бірінен кенеге ұқсас жәндіктерді суретке түсіріп алған.
«Кеше кешкісін балаларыммен Тимирязев бойымен серуендедік. Ботаникалық саябақтағы орындықта жыбырлап жүрген кенеге ұқсас жәндіктерді көрдік. Абай болыңыздар», – делінген оның жазбасында.
Осы келеңсіз жағдайға орай, қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне хабарласқан едік.
«Ботаникалық саябақ жеке құрылымға жатады. Бұл жерді жауапты иелер өз қаржысына өңдеуі керек. Ал қалған әкімдік қарамағындағы саябақтарды мемлекеттік тапсырыспен сәуір айында тазаладық. Ботаникалық саябақ туралы анықтадық. Олар осы жақын арада зиянкестерді жою жұмысын жүргізетін болады», – деді қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.