Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының әкімдері Жансейіт Түймебаев пен Нұрлан Сауранбаев шымкенттіктерге үндеу арнады.
Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!
Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші мегаполисі атанды. Сіздерді осынау тарихи маңызды оқиғамен құттықтаймыз!
Жуырда Мемлекет басшысы өз сөзінде «Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын жүзеге асыруды бастады. Егер бізде бұған дейін миллион тұрғыны бар тек Алматы қаласы болса, қазір үш мегаполисіміз бар – Алматы, Астана және Шымкент қалалары.
Миллионды қала – бұл әрдайым жаңа идеялар, жобалар мен жоспарлар, ауқымды инвестициялар. Барлығы қаланың дамуына жаңа серпін береді. Шымкент бұл мәртебелі деңгейге ғасырлар бойы жетті.
Бізді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Ең бастысы - бұл жаңалық Шымкент қаласын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызып, әрбір қалалықтың өміріне жаңа серпін береді, оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Бұл – сонымен қатар, біз үшін асқан жауапкершілік.
Астанада өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясының мерейтойлы форумында Елбасы болашақ миллионды-қалалардың қолында деген болатын. Мемлекет басшысы мұндай қалалар тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы жаңартылған және мәдениеті жоғары болуы тиіс деп көрсетті.
Шымкент сондай қалаға айналады деп сенеміз. Себебі біздің қаламызда қонақжай, қайырымды, ең бастысы, еңбекқор халық тұрады. Біз бәріміз бірге Шымкентті Елбасы күткендей «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қалаға айналдырамыз деп сенеміз. Шымкент жаңа идеялар халқымыздың дәстүрімен қатар дамып, өткенін ұмытпайтын, сонымен қоса жаңа технологияларға ұмтылатын тұрғындар қаласына айналады.
Шымкент қаласының барлық тұрғынын осынау тарихи сәтпен құттықтаймыз! Баршаңызға бақыт пен молшылық тілейміз!