Алматыда «Ғылым ордасында» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Азаматтық бастамашылдық конгресі өтті. Шараны Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті бірлесе отырып ұйымдастырған.
Конгрестің негізгі мақсаты қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту және азаматтық қоғам өкілдерінің осы саладағы ұсыныстарын назарға алу болды.
Шараға Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байханова, Алматы қаласы бойынша арнайы мониторинг тобының жетекшісі Дәурен Бабамұратов сынды бірқатар азаматтар қатысып, ойларын ортаға салды.
«Қазіргі таңда ең қымбаты – уақыт. Сіздер білесіздер, мониторинг тобы екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы аз ғана уақыттың ішінде өз нәтижесін беріп те үлгерді. Мониторинг тобы өз ұстанымынан, өз қағидаларынан жаңылған емес. Оған республикамыз бойынша жұмыс істеп жатқан топтар кепіл бола алады. Сондықтан, біздің осында жиналуымыздың ең алғашқы мақсаты мемлекеттік қызмет істері жұмыстарын жолға қою болып отыр. Еліміздің әр аймағында жұмыс істейтін топтар бар. Солармен байланыс орнатып, нәтижесін бақылап отыруға болады», – деді Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьева.
Ал, Алматы қаласы бойынша арнайы мониторинг тобының жетекшісі Дәурен Бабамұратов тоталды қоғамдық бақылау туралы сөз етті.
«Жемқорлық жегі іспетті, ешқашан өлмейді, онымен тек үздіксіз күресу арқылы ғана ұстап отыруға мүмкіндік бар. Барлық жемқорлықтың негізі де, түбірі де тепе-теңдіктің жоғы. Кіріптар ету. Заң алдындағы теңсіздік. Біздің пайымымызша: жемқорлықпен күрестің алды жариялық. Тоталды қоғамдық бақылау. Мемлекеттік қызметкер мен халық арасындағы тепе-теңдік. Мемлекеттік қызметті ұсынуда және қабылдауда өзара ашықтық және барынша жариялық керек», – деді ол.
Дәурен Абуталипұлының айтуынша, барлық мемлекеттік қызмет түрі, оны тұтынушы да, ұсынушы да өз іс-қимылының жаппай цифрландыру дәуірінде қоғам алдында бақылауда екендігін түсінуі қажет. Кез-келген қызмет түрінің дәл сол уақытта ғаламтор арқылы өзгелер бақылап отыр.
Елбасы бекіткен Ұлт дамуының 100 нақты қадамында Қоғамдық бақылаудың ерекше рөлі көрсетілді. Соған сәйкес қоғамдық бақылау осы күнде өз күшіне мініп, талай жемқорлықтың алдын алды. Қоғамдық кеңестер құрылды. Мемлекеттік қызметтің едәуір бөлігі сандық жүйеге өтіп, электронды база арқылы ғана көрсетілетін болды. Қызмет істері агенттіктерінің жанынан таза қоғамдық, арнайы мониторингтік топтар құрылып, олар өз деңгейінде жемқорлықтың алдын алуда орасан профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
«Біздің пайымдауымызша бұл әрекеттер, шынайы және нағыз қоғамдық бақылаудың басы не болмаса тек алғышарты ғана. Егер де біз, қоғамдық (яғни халықтық) бақылауды жемқорлықпен күресте негізгі әдіс-тәсілдің бірі деп мойындасақ, онда қоғамдық бақылаулардың шындап күшіне енуінің басты шарты – тұрақтылық һәм жүйелік. Қоғамдық кеңестер, арнайы мониторингтік топтар, не болмаса өзге де осы іспетті қоғамдық бақылаушы органдардың қызметтері эпизодтық, не болмаса үлкен жүктің салмағымен сынның астында қалмауы шарт», – деді Дәурен Бабамұратов.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ