Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ кентінде белгісіз біреу қарт әйелді өлтіргелі жүр. Айтуынша, түннің ортасында келген ер адам егде жастағы апаны тірідей өртемекші болған. Бұл туралы Оtyrar.kz жазады.
"Ер адам үйге түнде ұйықтап жатқанымда кіріп келді. Маған пышағын тақап, "көзіңді ашсаң өлтіремін" деп қорқытты. Содан үстіме бензин шашып, сіріңкесін жақты. Басқа бөлмеде кішкентай бала ұйықтап жатыр еді. Әлгіден үйге өрт қоймауын жалынып сұрадым. Сол кезде ғана ол өз-өзіне келгендей болды. Маған үйде кішкентай бала болғандықтан ғана үйді тұтастайөртемейтінін айтып, тек менің үстіме ғана от қойып кетіп қалды. Кетпестен бұрын өзінің былтыр да біздің үйдегі басқа бөлмеге өрт қойғанын еске салып кетті", - дейді әжей.
Ер адам кете сала, әжей үйде ұйқыда жатқандарды оятып, көмекке шақырған. Жан ұшыра айғайлаған дауысын немересі естіген. Жанып жатқан әжесін көргенде есі шығып кетіпті. Қайта бірден өртті сөндіріп үлгерген.
"Әжемнің айқайлаған даусынан оянып кеттім. Қасына барсам, киімі мен шашы өртеніп жатыр екен. Жылдам үстімдегі көйлегімді шешіп, әжемнің басындағы отты өшірдім. Сөйтіп, көрші үйде ұйқыда жатқан ата-анамды көмекке шақырдым», – дейді немересі.
Денесін күйік шалған зейнеткерді бірден аурухана жеткізген. Әжейдің айтуынша, әлгі белгісіз ер адам оны былтыр да өртеп жібермекші болыпты. Алайда, сол кезде де қылмыскер ойлағанын іске асыра алмаған.
Қазіргі кезде бұл іс полицияның бақылауына алынды.