Соңғы кездері басымды қатырып жүрген нәрсені көпшілікпен бөлісіп ақыл сұрағым келеді. Екі жылдай болды көршім «ғашықпын, сүйем» деп мазамды алып жүр. Алғашқы кездері қатты қорқатынмын. Кеш батса қоқыс төгуге шықпайтынмын. Үйде жалғыз қалған күндері есікті қос қостан бекітіп алатынмын. Ал қазір бойым үйренісе бастады ма, қорықпаймын. Тіпті бойымда оған деген әлдеқандай сезім бар секілді.
Анам інім 9 сыныпты бітірген соң, «енді екі бөлмелі үйге көшейік екеуіңе екі бөлек бөлме керек» деп, қарызданып жүріп, осыдан үш жыл бұрын осы үйге көшіп келдік. Жасы 45-тердегі көршімнің мені үнемі сыртымнан бақылап жүретініне алғашқы кездері онша мән бермегем. Әйтеуір ұшырасып қалсақ көзімен ішіп жейтін. Бір күні дүкенге кіріп кеткен інімді күтіп есік алдында отырғанымда қасыма жақындап сөзге тартты. Келесі бірде есік алдынан көлікпен жылжып бара жатып, жұмысыма дейін «ала кетейін» деп ұсыныс жасады. Оған да қарсы болмағам. Келесі күні жұмыстан қайтып келе жатқанымда, жолымды тосып тұрып телефон нөмірімді сұрады. Ізетті, сыпайы адам болған соң телефон нөмірімді де бергем. Кейін хабарласып «ғашық екенін, еш зиян жасамайтынын, жай ішіне сыймай жатқан сезімін білдіргісі келетінін» естігенде тұрған орнымда құлап қала жаздадым. Содан бастап қашқақтайтын болдым. Көрген жерде амандаспайтын болдым. Тіпті тағы бір хабарласқанында «анама айтатынымды, тіпті енді мазалағанын қоймаса, дауысын бастырып алып, құқық қорғау орындарына тапсыратынымды» ескерттім.
Анам қатаңдау адам. Мұндай тақырыптарды көп айта бермеймін. Оның үстіне уайымдатқым келмейді. Содан кейін көршім аздап тынышталғандай болды. Бірақ алыстан балконнан, кейде көлігі ішінен бақылап отырғанын байқап қаламын. Кейде есік алдында отырсам, ол да үйінен шығып алып, алыстан бақылап тұрады. Кейін оның да жанұясын бақылай бастадым. Әйелі, үш баласы бар екен. Жағдайлары жақсы тұратын секілді. Әйелі жұмыс істемейтін секілді, екі-үш жасар баласын есік алдында ойнатып жүргенін жиі көрем. Өткен жылы 7-наурыз мерекесінде қоңырау шалды. Алғашында қоңырауын көтермеп едім, смс жазыпты «мерекемен құттықтайын» дегем деп. Кешке басқа нөмірмен қоңырау шалып, «үйде болсам далаға шығуымды» өтінді. Шығып ем, бір шоқ гүл мен сыйлық салынған қорапшаны қолыма ұстатты. Алмаймын деп тартынып ем, «шын көңілден жасалған сыйлық» деді. Сонымен алдым. Үйге келіп қарасам қорапшада қолға тағатын алтын білезік екен. Таң қалдым. Қазір шынын айту керек жүріп жүрген жігіттердің өзі ондай сыйлық жасай бермейді. Одан бері жаңа жылды, туған күнімді, несиеге алған көлігімнің көрімдігі деп сылтауратып бірнеше рет қымбат сыйлық жасады. Тіпті қысқа шуба әперем деп еді, анам тергейтінін айтып бас тарттым. Жұмыс орныма гүл де жіберді. Есік алдына гүл іліп кетіп те жүр. Анама білдіртпей сыйлықтарын қабыл алып жүрмін.
Соңғы кездері шын ғашық бола бастағандаймын. Күні түні соны ойлаймын. «Отбасымды тастап кете алмаймын, ішкі сезімімді игеру де қиынға түсіп жүр, еш жамандық жасамаймын, жай ғана сыйлығымды қабыл ал. Саған сыйлық жасаған ұнайды» дейді. Айтпақшы өткенде кафеде кездесіп, тамақтанып, кешке бірге қайтқанбыз. Еш артық қимыл көрсетпеді. Тіпті таң қалдым. Осы уақытқа дейін жүрген жігіттер ғашықтығын айтар айтпастан бас салатын.
Шынымды айтсам жасым 26-ға жеткенше шынайы ғашық болып та көрмеген екенмін. Бұрын есіл дертім жұмысымды дұрыс атқару, анамды қуанту бар ойым болатын. Қазір өзімнің бойжеткенімді сезініп, тартымды көрінуге тырысам, әдемі болуға ұмтылам. Осы уақытқа дейін мұндай сезім басымнан өтпеп еді. Қазір ерекше сезініп, өзімді көңілді жүрем. Оны бір көріп қалу үшін үйге қайтуға асығып тұратын болдым. Интернеттен сан түрлі тамақ пісіріп үйреніп жүрмін. Шынайы әйел бақытын түсіне бастаған секілдімін. Негізі қыз бала өзін бақытты сезіну үшін ештеңе керек емес екен артық. Оны отбасынан айырып алу да ойым жоқ. Бірақ оның қасында отырғанымда өзімді бақытты сезінем. Бауыр басып қалғым келмей қанша қашқақтасам да сыртынан бір көріп қалуға тырысам. Бір көрсем, дауысын подьезден бір естісем соған кәдімгідей бақыттымын. Ол да солай дейді. Басым қатып кетті. Қазір басқа біреумен жүру туралы да ойым жоқ. Бір түсінгенім сезім деген ғажап нәрсе екен... Бірақ не істеймін? Соңы не болады, тәтті түсім қай жерден, қашан аяқталатынын ойлағым келмейді.
Лиза, Алматы қаласыalashainasy.kz