23 жастағы Қостанай тұрғыны Анна Алименко үшемдерді дүниеге әкелді. Бұл туралы сәбилердің әкесі Олег Алименко мәлімдеді деп жазады alau.kz.
Ерлі-зайыптылар дүниеге үшемнің келетінін білгенде қатты қуаныпты. Олар үшін бұл күтпеген жаңалық болған. Өйткені Олегтің айтуынша, осы уақытқа дейін екеуінің де отбасында үшем түгілі егіздер де туылмапты.
Қазіргі кезде дүниеге келген қыздардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Келіншек кесар тілігі арқылы босанғандықтан, сәбилер әлсіз болып дүниеге келген.
«Қыздардың есімін әйелім өзі Полина, Софья және Варвара деп қойды. Үш егіздің әр күн сайынғы жөргегі, тамағы бар, ақша көп кетіп жатыр. Ата-анаммен бірге пәтер жалдап тұрамыз. Тағы менен кейін бір қарындасым бар. Алақандай ғана бөлмеден де қысылып кеттік. Сол себептен, әкімнен көмек сұраймын. Бізге баспана жағынан көмектессе екен деймін. Қанша дегенмен, біз мемлекетке үш бірдей азамат әкелдік қой», – дейді үшемнің әкесі Олег.
Олег автомобиль электригі болып жұмыс істейді. Бір отбасын асырап отырған ол ендігіде үкіметтен көмек күтеді.