Бүгін, Астанада жолаушылар тасымалдайтын шағын автобус өртке оранды. Бұл туралы 23 шілдеде таңғы сағат 09.28 кезінде Астана қалалық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің «101» пультіне хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды елордалық ТЖД-інің баспасөз қызметінен.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде №109 автобус өртеніп жатты. Жолаушылар өрт сөндірушілер келгенше автобустан шығып үлгерген», делінген хабарламада.
Алғашқы өрт бөлімшесі оқиға орнына 4 минуттан кейін келді. Қазір олар сол жерде жұмыстар жүргізуде. Жалынды ауыздықтауға 2 техника, жеке құрамнан 9 адам жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.