Қазақтың мiнезi мен болмысын әдемi ашып көрсеткендердiң бiрi – Мағжан ақын десек, ол өзiнiң «Едiл, Жайық, Сырдария, Белгiлi жұртқа ескi су» деп басталатын өлеңiнде кешегi қазақты былайша сипаттайды:
« ...Еркiн шауып, ойнақтап,
Тiлеген отын жер едi.
Жан-жағына қысылмай,
Һеш адамнан қымсынбай,
Ұшқан жылдың құсындай,
Ерке жүрген ел едi».
Сол ерке елдiң бойында, болмысында мейiрiмдiлiк, адалдық, дарқандық, тектiлiк, iрiлiк, жинақтап айтқанда, имандылық басым едi. Мағжан Жұмабаев кешегi қазақ қоғамында қайырымдылық мол болғанын, сол заман адамдарының көңiлi кең, жүрегi мейiрлi екенiн екi-ақ ауыз сөзбен былайша жеткiзедi:
« ...Қайырымы көп ағайын,
Кедейде жоқ уайым,
Керек болса бiр тайын,
Сұраусыз ұстап мiнедi».
Ол заманда жылқы бүгiнгi автокөлiктiң орнына жүрген. Қазiр ендi ауылдас ағайынды айтпағанда, туған iнiңiздiң машинасын сұраусыз мiнiп көрiңiзшi... Бұрынғы қазақ дарқан көңiл, қонақжай да болған. Әйтпесе, Мағжан «Кiрiп келсе, сұрау жоқ, Бiр аяқ асқа жылау жоқ, Қабағы ашық бәйбiше, Керсендей үлкен аяқпен, Ұстата саумал бередi» деп тамсана жырлар ма едi?! Халқымыз сөз тыңдап, уәжге тоқтаған, әдiлдiктi бәрiнен биiк қоя бiлген. Мағжанның мына өлең жолдары соның айғағы:
« ...Шыға қалса, бiр жұмыс,
Ұзап кетпес – артық iс,
Бiтiмге биге келедi,
Қасымның қасқа билiгi,
Алдында сайрап жатқан соң,
Көптi көрген көне би,
Қара жолмен желедi.
Бiр тиын пара алу жоқ,
Қисыққа құлақ салу жоқ,
Туралық, шындық – екi атты,
Қаз-қатар ғып жегедi».
Арыдағы хандық дәуiрдi айтамыз-ау, кешегi ХХ ғасырда да халқымыздың табиғатында парасаттылық, ұстамдылық, сабырлылық, осының бәрiмен қатар жүретiн өжеттiк пен қайсарлық, турашылдық басым едi. Адамдардың бойынан Бұқар жырау айтқандай «Алдыңа келiп қалған соң, қол қусырып барған соң, ердiң құны болса да, аса кеш те қоя бер» дейтiн iрiлiк байқалып тұратын. Бiрде баспасөзден майдангер қарттың естелiк әңгiмесiн оқып едiм (өкiнiшке қарай, аты-жөнiн ұмытыппын – авт.). Ұлы Отан соғысында жиырмадан жаңа асқан жас жiгiт взвод командирi болады. Қарамағындағылардың бәрi отыздан асып, қырыққа келген, жiлiк майы толған, тепсе темiр үзер азаматтар екен. Жас жiгiт жазу-сызу мен орыс тiлiн бiлгенi үшiн ғана командирлiкке тағайындалған ғой. Бiрде кiл қазақ жiгiттерiнен тұратын сол взвод ит тұмсығы батпайтын, күн сәулесi нашар түсетiн батпақты орманмен бiрнеше тәулiк бойы жол жүрiптi. Батпақ кешiп, аяқ шылқыған су болғанда суық тас төбеден шығады. Мұндай азаптан адамның сау шығуы екiталай.
«Тоқтап, етiктi шешiп, шұлғауды кептiрiп алуға уақыт жоқ. Сонда қасымдағы жасы үлкен жiгiттер «Бiз Отан үшiн майданда өлсек арманымыз қайсы? Сен тым жассың, әлi жар құшып, бала сүйiп те үлгермедiң, Денсаулығыңнан айырылсаң, ұрпақсыз кетсең обал болады» деп өздерiнiң құрғақ шұлғауын маған бердi. Сөйтiп, менiкiн басқа жаятын орын болмаған соң кезектесiп көкiректерiне байлап кептiрiп отырды. Солардың көбi қатты сырқаттанып, бiразы бақилық болды. Алланың қалауы мен ағалардың қамқорлығының арқасында аман қалдым» дейдi ақсақал. Қандай мәрттiк десеңшi?! Қан майданда жолдасқа демеу болып, iнiге қамқорлық жасау ердiң сойының, жiгiттiң асылының ғана қолынан келер. «Аман шықса, ертең мұның артынан үлкен әулет ерiп, рулы ел тарайды ғой» деп алыстан ойлау, жолдасы үшiн өзiнiң денсаулығын, жанын құрбан ету. Қандай кесек тұлғалы азаматтар болған десеңшi?! Иман дегенiңiздiң өзi, осы. Ата-анаға, жар мен балаға, бауыр мен ағайынға, өз қауымың мен ел-жұртыңа деген қамқорлық, махаббат. Өз басыңның қамын ғана ойламай, солар үшiн еңбек етсең, қажет болса солардың жолында жан қиюға даяр болсаң – ерсiң, имандысың.
Әттеген-ай. Сол ержүрек қазақтың, иманды халықтың ұрпағы бүгiнде ұсақталып бара жатқандай ма, қалай?! Ата-анасын қарттар үйiне қалдырған балаларды көргенде бұрынғыдай жаға ұстап, шошына қарамайтын болдық. Өйткенi, бетерден де бетер бар дегендей, бiздiң арамыздан маскүнем де, нашақор да, жезөкше де, жас балаға көз алартар малғұн педофил де, бiр ашуға бола бауыр етi балаларын қырып салар қанiшер де шығып жатыр. ОҚО IIД-нiң мәлiметтерi бойынша, былтырғы бiрiншi жартыжылдықта облыста 150-ден астам жасөспiрiм қылмысы тiркелген. Төрт адам кәмелет жасқа толмағандардың қолынан қаза тауыпты. ОҚО наркологиялық диспансерiнiң мәлiметiне сүйенсек, өңiрде 2 мыңнан астам, ал, республикада 50 мың адам есiрткiге тәуелдiлiк бойынша есепте тұрады. Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгi тiркелмеген тағы 200 мыңдай нашақор бары жөнiнде ақпар таратты. Қоғамның моральдық бет-бейнесi жекелеген азаматтардың адами қасиеттерiнен құралады десек, бұл деректер қоғамымызда өтiрiкшi, өсекшi, жағымпаз, жылпос, екiжүздi, суайт, нәмәрт, жалқау, мейiрiмсiз, қасиетсiз адамдардың көбейгенiн растайды. Мұның бәрi ұлт мiнезiнiң ұсақталғанының дәлелi.
Оңтүстiк Қазақстан облысының соттарында ай сайын 3 мыңнан астам азаматтық iс қаралады екен. Бұл бiр қарағанда құқықтық мемлекет үшiн қалыпты жағдай секiлдi көрiнуi мүмкiн. Дегенмен, мәселеге тереңiрек үңiлсеңiз әрбiр арыздың артында бiр адамның, бiр отбасының тағдыры жатыр. Бүгiнгi қазақ өзiнiң мүддесi, қара басының қамы үшiн қандас бауырын сотқа да, отқа да сүйреуге дайын. Қаншама адамға жала жабылып, негiзсiз қара күйе жағылып жатқанын кiм бiлсiн?! Бұрын қандасын «дауға қиса да жауға қимайтын» қазақ, өкпеге қиса да өлiмге қимайтын қазақ бүгiнде ерегiскен адамын азын-аулақ парамен ұстатып жiберуден, базарын өртеуден, тiптi баскесер жалдап отбасымен қосып қырып салудан тайынбайды. Бөтенге бiрiгiп қайрат көрсетуге қауқарсыз қазақ бiр-бiрiне келгенде азу тiстерi пышақтай, тым қатты, аяусыз әрi мейiрiмсiз. Хакiм Абай айтқан «Бiрiңдi қазақ бiрiң дос, Көрмесең iстiң бәрi бос» деген қағиданы ұмытқалы қашан?..
Иә, қалай десек те бүгiнде қазақ өзгердi, өзгергенiн көз көрдi. Ендi «неден өзгердi, қалай өзгердi» деген сауалдарға ой жүгiртсек. Бiздiңше, ұлт мiнезiнiң ұсақталуына ең алдымен ұлттық тәрбиенiң босаңсуы себеп болды. Дәстүрлi қазақ қоғамында бала туыла салысымен бесiк жырын, үш-төрт жасқа жеткенде ертегi, жетi жастан аса бере батырлар жырын, халық ауыз әдебиетiнiң басқа да жауһарларын тыңдап өсетiн. Мұның бәрi баланың ақылының толысып, ақ пен қараны ажыратуына, жүрегiне iзгiлiк пен мейiрiмнiң орнығуына жол ашатын-ды. Осынау рухани мұралардан қол үзiп қалғанымыздан бүкiл бiр ұрпақтың парасаты кемiп, тiлi жұтады. Ертегi емiп өспеген ұрпақ қазақ тiлiн кең өрiсте, бүкiл қарым-қабiлетiмен, көркемдiгiмен, шешендiгiмен қолдана алмайды. Салдарынан көптеген мақал-мәтелдер, көркем теңеулер, шешендiк оралымдар, ұйқасты, мәнерлi сөздер қолданыстан шығып барады.
--Тiлде рух бар, – дейдi филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдiрәсiлқызы. -- Ұлттың тiлi жұтаса, мiнезi өзгередi. Орыс тiлдi қазақ балаларының мiнезi тiк, құрмет сезiмiнiң кем болатыны — ұлттық мiнез бен құндылықтардан хабарсыз қалудың салдары. Мұндай мiнез орыс ұлтының өзiне жарасады, себебi ол сол ұлттың өзге құндылықтарымен астасып жатады. Яғни, сол халықтың бойындағы табиғи ашық мiнездiлiк, тәрбие мәселесiндегi өзiндiк құндылықтар, қоғамдық ортадағы мiнездер мен iс-әрекеттердi қабылдау ерекшелiктерi тоғыса келiп, тiк мiнездiлiктi табиғи түрде туындататындықтан, ол ортада бұл мiнез ерсi көрiнбейдi. Ал, үлкеннiң алдынан кесе-көлденең өтпеген, үлкенге қызметтi парыз деп бiлген, әйел баласы ердiң бетiне келмеген, келiнi иiлiп сәлем салған, «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәлiммен өскен бiздiң қазақ халқы үшiн өзiнен кiшi баланың тiк мiнездiң жөнi осы екен деп, ә десе мә деп, бетiнен алып жатқаны шаншудай қадалары сөзсiз.
Ұлт мiнезiнiң ұсақталуына ықпал ететiн тағы бiр жайт – отбасы институтының әлсiреуi. Ажырасудың көбейiп, «толық емес отбасы» ұғымының қалыпты қабылдана бастауы алаңдатарлық жағдай. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл басынан берi республикада 20 600, ал, Оңтүстiк Қазақстан облысында 2 678 отбасының шаңырағы ортасына түсiптi. Ұлыбританиялық «The Economist» журналының «Әлем статистикасы – 2015» жинағында Қазақстан ажырасудың көптiгi жөнiнен әлемдегi алғашқы 10 елдiң қатарына кiрген. Мұның бәрi ұлттың мiнезi мен менталитетiне керi әсерiн тигiзерi анық.
-- Ажырасудың көбеюi ұлттың мiнез-құлқының нашарлауына әкеп соқтырады, -- деген болатын әйгiлi демограф Мақаш Тәтiмов. -- Қазақ бұрын ешуақытта ажыраспаған. Күйеуi о дүниелiк болып кетсе, баланың тәрбиесi жақсы болуы үшiн әмеңгерлiкке берген. Керек десеңiз, әкесiз өскен адамды ғарыш саласына алмайды. Қиындық кездескен жағдайда ол шешiм қабылдай алмай, апатқа ұрынуы мүмкiн. Ажырасудың тағы бiр себебi, отбасында бала санының аздығы. Бұрынғы кезде алты-жетi баламен ажыраса алмайтын, қазiр бiр баламен қиналмай ажыраса беретiн болды. Сондықтан ұлттық бiтiм-болмысымызды сақтап қаламыз десек, отбасының iргесiн бекiтiп, баланың санын көбейту қажет. Көпбалалы отбасында өскен бала бауырмал, мейiрiмдi келедi.
Осыдан 3-4 жыл бұрын саяхатшы-жазушы Темiрхан Момбекұлы Түркiстанды Алматыға арнайы iздеп барып, сұхбат алдым. «Бүкiл Қазақстанды велосипедпен аралап шығып, «Қасиеттi Қазақ жерi» атты деректi роман жаздыңыз. Ел iшiнде көп болдыңыз. Айтыңызшы, бүгiнгi қазақ қандай?» деп сұрақ қойдым. «Бүгiнгi қазақтың мiнезi мен болмысына қатысты бiр күдiк пен бiр үмiтiм бар» дедi ол кiсi. «Алғашқы сапарларымның бiрiнде Жаңақорғаннан шығып, Түркiстан арқылы Шымкенттi бетке алғанмын. Жоспар бойынша Шымкентке жетiп қонуым керек болатын. Ауа райы бұзылып, Темiрланға әзер жеттiм. Орталық мешiтке барсам бiр топ жiгiт намазға жиылып тұр екен. Жолда көрген-бiлгенiмдi сұрап, велосипедiмдi қызықтап, қауқылдасып әңгiме айттық. Алайда, намаз бiткен соң әлгi 30-ға жуық жiгiттiң бiрде бiреуi «үйге жүр» деуге жарамады. Аудан орталығында қонақүй де жоқ екен, мешiтке жатуға рұқсат бермедi. Қатты састым. Алматыдағы досыма хабарласып, Темiрланда тұратын жиенiнiң телефон нөмiрiн алып, соның үйiне түстiм. Темiрлан қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған ортасы емес пе? Сол ауылда құдайы қонақ түсетiн бiр үй табылмаса, хәлiмiздiң не болғаны? Күдiгiм — ертеректе қазақтың бойында болған барлық асыл қасиетi қонақжайлылығымен бiрге жойылып бара жатқандай. Ал, үмiтiм ше? Тағы бiрде сол Оңтүстiктегi «Ғайып ерен Қырық шiлтен» дейтiн жерге барғанымда жас ерлi-зайыптылар 2-3 жасар баласын «Ананың құрсағы» дейтiн тастың қуысынан ырымдап өткiзiп жатыр екен. Мұны көрiп тұрған 4-5 жас шамасындағы ағасы «Көке, апа, ол қазiр тасқа қысылып қалады ғой, сосын қайтiп шығарамыз? Ол жерге кiргiзбеңiздершi» деп шырылдап жылап жатты. Мiне, әлемдi ұстап тұрған осы мейiрiм, махаббат, жанашырлық. Әр баланың бойында болатын осы қасиеттердi сақтап, дұрыс тәрбиелей бiлсек, болашағымыз жарқын болмақ. Үмiтiм – осы» дедi Темiрхан Момбекұлы.
Мұны айтып отырғаным, халықтай алып мұхитқа кiнә артуға ешкiмнiң хақы жоқ. Қазақты сынап-мiнеу үшiн алдымен сол халықтың шыққан биiгiне көтерiлу қажет. Бiз де көпке топырақ шашпақ емеспiз. Қазақтың бойындағы жақсы мiнездер мен iзгi қасиеттердiң бiр парасы әлi де болса сақталғандай. Солардың бiрi – ұстамдылық, сабырлылық, қандай жағдайда да ақылға жеңдiру. Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылында болған жағдай ел арасында бiраз дүрбелең туғызды. Бiрақ әкiмдер, имамдар, ақсақалдар басу айтты. Қанша ызаға булығып тұрса да қазақ жiгiттерi сөзге тоқтады, уәжге көндi. Есесiне үлкен даудың алды алынды, елдiң тыныштығы сақталды. Иә, ол тұрмыстық деңгейдегi жанжалдан туындаған жеке адамның қылмысы едi. Ол үшiн жазықсыз адамдарды, тұтас бiр ұлтты кiнәлаған орынсыз. Бiрақ осы жағдай қазақтай парасатты, ұстамды, сабырлы елдiң iшiнде емес, қызуқанды, тентектеу жұрттың арасында орын алғанда соңы не боларын кiм бiлсiн?! Мiне, ұлттың мiнезi оның елдiгiне, тағдырына қалай әсер ететiнiнiң айқын көрiнiсi. Алайда, ұстамдылық пен сабырлылық жалпақшешейлiк пен ездiкке ұласып кетпеуi тиiс. Ұлттың ынтымақ-бiрлiгiмен қатар рухы, қайраты, мiнезi, қажет кезде сесi болуы шарт.
Әңгiменi Мағжандай өр мiнез ақынның жырымен бастадық қой. Жарықтық Жұмабаев сол өлеңiн былай аяқтапты:
« ...Арсыланым, сұңқарым,
Қажымас, талмас тұлпарым,
Басың көтер, тұр ендi!
Батқан екен бiр күнiң,
Жеткен екен бiр түнiң,
Өткендi ойлап қайғырма,
Һәр қамалға – бiр зауал,
Ежелден болмақ емес пе,
Ескiше тұрып егеспе,
Заман – түлкi, тазы бол,
Базарша дүкен құр ендi».
Иә, бүгiнгi сөздiң де түйiнi осы. Басқа алып қосарымыз жоқ.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
«Оңтүстiк Қазақстан».