$ 494.87  520.65  4.91

«Балаларымды бағу үшін арба сүйреп жүрмін»: Тәжік жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ әйелі ауыр тұрмысы туралы айтты

12 жыл бұрын бақыт қуып тәжік жігітімен Қазақстаннан біржола кетіп қалған Эльмира бүгінде базарда арба сүйреп жүр. Келіншекті күйеуі төрт қызымен тастап кеткен. Жалғыз қалған ол Душанбенің базарында жүк тасуды жөн көріпті деп жазады rus.ozodi.org сайты.

Эльмира Тегенова базарда адамдардың азық-түліктерін тасып, ақша табады. Базарда арба сүйреген жалғыз әйел болғандықтан, ондағы ер адамдар оған ауыр жүк бермеуге тырысады екен.

«Мен ештеңе ұрлап жатқан жоқпын. Барлығын адал еңбегіммен тауып жатырмын. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Оңай нәрсе жоқ. Мені ешкім қинаған жоқ, ақша табу үшін осы жұмысты өз еркіммен істеп жүрмін», - дейді Эльмира.

Тіпті 100 келілік жүкті де тасудан бас тартпайтын ол, ең бастысы жақсы ақша тапсам дейді.

Осыдан 12 жыл бұрын Эльмира мұндай өмірді елестетпепті. Ол 2006 жылы жас тәжік жігітімен бақытты боламын деп ойлаған. 10 жыл бойы жақсы өмір сүріпті. Алайда, екі рет егіз қыздарды дүниеге әкелген соң бақытты күндері аяқталған. Күйеуі оны Хатлон облысынан астанаға әкеліп, тастап кеткен екен.

Алғашында келіншек қайыршылықпен айналысқан. Еш құжаты жоқ болған соң, одан басқа тәуір жұмыс таба алмапты. Кейіннен «Дехкон» базарында арбакеш болуға бел байлаған. Қазір Эльмира өз еліне оралғысы келетінін айтады.

«Отаныма қайту үшін маған ақша керек. Ал бар тапқаным тек балаларымның тамағына ғана жетеді. Қолымда да еш құжатым жоқ. Менің әкем Астана қаласында Әлішер Навои көшесінде тұрады. Аты – Теганов Базарбай, ананымның есімі – Эльвира», - дейді арбакеш әйел.

Эльмира әкесімен соңғы рет 2010 жылы хабарласқан. Содан кейін нөмірі есінде қалмапты. Бірақ қартайған әкесінің оны Қазақстанға қайтара алатынына күмәнмен қарайды. Қазір екі қызы туберкулезбен ауырып ауруханада жатқанын айтады. Ал қалған екі егіз қызы өзімен бірге базарда жүр екен.

Ендігіде жалғызбасты ана отанына қайту үшін өзіне қол ұшын созатын жандарды іздейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары