$ 494.87  520.65  4.91

Алматыдағы жерасты өткелдері жаңа кейіпке енеді

Алматыда әбден тозығы жеткен жерасты өткелдері қазір жаппай жөнделіп жатыр. Көктемнен бері басталған жұмыстар жаз соңында аяқталуға жақын. Қараусыз қалған өткелдер енді көрікті кейіпке еніп, адам танымастай өзгереді деп мәлімдеді Алматы телеарнасы.

Енді біраз уақыттан кейін жерасты өткелдерінен ұлы ақын Абайдың өлеңдерінен үзінділер көруге болады. Сондай-ақ, суретшілер қазақтың кең байтақ даласы мен әсем табиғатын қабырға бетіне түсіріп жатыр.

Абай мен Абылай хан даңғылдарының қиылысындағы жерасты өткелі Ұлттық кітапханаға жақын орналасқандықтан қабырғаға осындай стильде сурет салу жоспарланыпты. Жоба бойынша еден плиткадан, ал қабырға арнайы өңделген құммен жасалған. Ал суретшілер бояуы 10 жылға дейін шыдас береді дейді. Оған қоса, жерасты өткеліне жолы түскендер қазақ әдебиетінен сыр шертетін үздік туындылармен сусындамақ.

«Мұнда Абайдың бірнеше өлеңдерін сырлы бояумен саламыз. Шығарманың мағынасына қарай қосымша сурет те салынады. Арнайы жаңартылған жерасты өткелдеріне ерекше эскиз дайындап, дизайн бекітілді. Халық нәтижесін жақында өздері көреді», – деді Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебінің мұғалімі Роза ЖАҚЫПОВА.

Жақында жаңартылған жерасты өткелдерінде жан тыныштандыратын әуен қосылып, отырғыштар қойылады. Оған қоса, тегін ғаламторға да қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осылайша, қоқыстан көз ашпайтын жер жуық арада жанға жайлы мекенге айналмақ. Ал қауіпсіздікті күшейтіп, қылмыстың алдын-алу мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылмақ. Ол тікелей Ішкі істер департаментіне қосылады дейді Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері. Жерасты өткелдеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуына аз уақыт қалды. Жуық арада халық игілігін көрмек.

«Қазір Алмалы ауданының аумағында 11 жерасты өткелі бар. Барлығы бойынша жоба-сметалық құжат дайындалып, қадағалаудан өткен. Дәл қазір күрделі жөндеуден өткізу бойынша мердігер мекеме жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Алматы қаласы Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Әзімхан ТӨЛЕГЕН.

Алматыда биыл барлығы 48 жерасты өткелі жөндеуден өтеді. Жергілікті әкімдік жерасты өткелдерінің ішкі дизайндары бір-біріне мүлдем ұқсамайтындай, ерекше етуге етене ат салыспақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары